Экономика

Банктерге теңестіріледі: онлайн қарыз алатын қазақстандықтарды қандай өзгеріс күтіп тұр

© Sputnik / Владислав ВодневТеңге, ақша
Теңге, ақша - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Бүгінде республикада мыңнан астам микроқаржы ұйымы жұмыс істейді, қазақстандықтар оларға 400 миллиард теңге қарыз

НҰР-СҰЛТАН, 19 қараша – Sputnik. Қазақстанда микроқаржы ұйымдарының қызметі банктерге теңестірілгелі жатыр. Бұл дегеніміз интернет арқылы кредитті оңды-солды үлестіретін ұйымдарды бақылау күшейеді деген сөз. Sputnik Қазақстан тілшісі онлайн несие беретін ұйымдарды қандай өзгерістер күтіп тұрғанын және оның қарапайым халыққа әсері туралы сарапшылардан сұрап білді.  

Қазақстандықтар микроқаржы ұйымдарына 400 млрд теңге қарыз

Бүгінде ақшадан тарыққан адам үшін онлайн несие – қалтаны қампайтудың ең оңай жолы. Проблемаңыз 15 минут ішінде шешіледі. Қағаз-құжат жинап та әуре болмайсыз. Бәленің бәрі қарызды қайтарған кезде басталады.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қаржы ұйымдарын реттеу және бақылау департаменті қаржы ұйымдарының қызметін реттеу бөлімінің басшысы Айдынбек Сандыбаевтың айтуынша, Қазақстанда микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын 1 100-ден астам ұйым бар. Ал микрокредит алған қазақстандықтардың микроқаржы ұйымдарының алдындағы берешегі – 400 миллиард теңге шамасында.

"Әдетте, микроқаржы ұйымдарына банктерден кредит алуға мүмкіндігі жоқ адамдар жүгінеді. Олардың қарыз алушыларға қоятын талаптары төмен, қарызды беру реті жеңілірек. Қазақстандықтар тарапынан онлайн қарызға сұраныстың өсуі де содан. Бірақ, келесі жылдан микроқаржы ұйымдарына талаптар күшейтіледі. Бүгінде микроқаржы ұйымдары өз қызметін есептік тіркеу аясында жүзеге асырады. Ал 2021 жылдан бастап лицензиямен реттеу тетігі енгізіледі", - деді Сандыбаев.

Сондай-ақ, микроқаржы ұйымдарының жарғылық капиталы да ұлғайтылып отыр. Енді жаңадан ашылған ұйымдардың жарғылық капиталы 100 миллион теңгеден кем болмауы тиіс. Бұған дейін құрылған микроқаржы ұйымдарында жарғылық капитал 30 миллион теңге болатын. Қаржы нарығын реттеу агенттігі оларға 2023 жылға дейін оны 100 миллионға дейін жеткізу міндетін қойды.

Бұдан бөлек, Сандыбаевтың айтуынша, интернет арқылы микрокредит беру талаптарын күшейту көзделуде.

Пайыздық мөлшерлеме төмендетілді

Былтыр онлайн несие беретін ұйымдардың қарыз бойынша жылдық сыйақының тиімді мөлшерлемесі 100%-ке дейін түсірілді. Биыл қаржы нарығын реттеу агенттігі жылдық мөлшерлемені 56%-ке дейін төмендетіп отыр.

Айдынбек Сандыбаев қазақстандықтарды қуантатын тағы бір жаңалықты бөлісті. Айтуынша, 138 мың теңгеден және 45 күннен аспайтын микрокредит бойынша сыйақының шекті мәні қазіргі 30%-тен төмендеуі мүмкін.

Тағы оқыңыз: Кредит төлеу кешіккенде борышкер не істеу керек – заңгерлер пікірі

"Қазір агентттік қаржы қызметін тұтынушыларды қорғау мақсатында 50 АЕК-тен аспайтын (138 900 теңге), 45 күнге дейін берілетін арнайы микрокредиттер бойынша шекті мөлшерлемені 20%-ке дейн төмендету мәселесін қарастырып отыр. Бұл мәселе бизнес қауымдастығымен талқылануда", - деді бөлім басшысы.

Заңға бағынбай, онлайн қарыздың пайызын еселеп көтеретін ұйымдар әкімшілік жауапқа тартылады. Заң талаптарының сақталып-сақталмағанын қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қадағалайды.

"Жалпы, микроқаржы ұйымдарының қызметін реттеу халық арасында борыштық жүктемені азайтуға мүмкіндік береді, микрокредит берудегі алаяқтық операцияларды барынша азайтады және тиісінше қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау деңгейін арттырады", - деп санайды Сандыбаев.

"Кейбір депутаттардың өзі қарсы шықты"

GSB UIB директорының орынбасары, экономист Мақсат Халық микроқаржы ұйымдарын банктерге теңестіру бастамасын қолдап отыр.

"Микроқаржы ұйымдарына қатысты мәселе соңғы екі-үш жылда белсенді көтеріле бастады. Оған негізгі себеп – пайыздарының тым жоғары болуы. Қателеспесем, олар күніне аз дегенде 2,5%-тен қосты. Есептеп қарасақ, жылына сонда 900 пайызға дейін барып кетеді екен. Микроқаржы ұйымынан 100 мың теңге алып, бір жыл бойы төлемесе, миллионнан асып кететін жағдайлар кездесті. Мұның бәрі әлеуметтік шиеленісті туғызды. Өйткені, көп адам микроқаржы ұйымдарының осындай әрекетіне алданып қалды. Қарызын төлей алғандар бар, төлей алмай, қиын жағдайға тап болғандар да қаншама", - дейді сарапшы.

Оның айтуынша, өткен жылы микроқаржы ұйымдарының жылдық мөлшерлемесін 100%-ке дейін түсіру нормасы талқыланғанда, кейбір мәжілісмендер қарсы шыққан.

"Ең қызығы, заң жобасын қарастырып жатқан кезде, мәжіліс депутаттарының ішінен "олар да шаруашылық жүргізетін субъекті, мемлекетке салық төлейді, оларды табысынан қағамыз" деп қарсы сөйлегендер болды. 100 пайызға түсіргеннің өзіне қарсылық білдірді.  Бірақ, мен осы жерде Ұлттық банктің табандылығына риза болдым. Алған бетінен қайтқан жоқ. Былтыр 100%-ке дейін азайтса, биыл оны 56%-ке дейін төмендетіп, банктермен теңестіріп тастады. Өз басым, мұны дұрыс деп санаймын. Әрине, заң қатаңдатылғаннан кейін онлайн қарыз беретіндердің қатары да сирейді. Өйткені олар енді арзан, оңай ақша таба алмайтынын түсінеді, тек табысты ойлайтын азаматтар бұл саладан кетеді. Бұл түсінікті жағдай. Халықтың игілігіне жұмыс істейтін ұйымдар ғана қалады", - дейді экономист.

Бұл ретте Мақсат Халық екінші деңгейлі банктердің де пайыздық мөлшерлемесін азайтатын кез жетті деп санайды. Сарапшы жылдық ставканы қазіргі 56%-тен 36%-ке дейін түсіруді ұсынып отыр.

Қаржылық сауат неге маңызды

Өкінішке қарай, микроқаржы ұйымдарының арасында алаяқтықпен айналысатындары да бар. Экономистің пікірінше, оларға алданып, сан соғып қалмау үшін әр адам қаржылық жағынан сауатты болуы керек.

Тағы оқыңыз: Халықтың кредитін кешіру: депутаттар мәселені шешу жолдарын ұсынды

"Алаяқ қаржы ұйымдарынан қандай құжатыңыз бар деп сұрағанда, ХҚКО-да тіркелген кезде алған куәлігін көрсетеді. Бірақ, қаржы қызметін жүзеге асыруға лицензиясы жоқ. Соған қарамастан біз қаржылық ұйымбыз, жеңіл несие береміз деп жарнама жасап, халықты алдайды. Ал бізде қазір мораторий, шағын және орта бизнесті тексеруге тыйым салынған. Олар көп жағдайда осыны пайдаланады. Құзыретті органдар оларды тексере бермейді. Тек халықтың тарапынан алдандық деп шағым түскенде ғана қимылдай бастайды. Ал ол кезде ақша талан-таражға салынады немесе шетел асып кетеді. Сондықтан бұл жерде қазақстандықтардың қаржылық сауаттылығын арттыру өте маңызды. Заңды біліп жүрсе, өз құқығын қорғай алады", - деп санайды Мақсат Халық.

Жалпы, сарапшының пікірінше, микроқаржы ұйымдарының банктерге теңестірілуі халыққа үлкен көмек. 

"Бізде екінші деңгейлі банктер, негізінен, қалаларда шоғырланған. Өңірлерде филиалдарын аша қоймайды. Ал микроқаржы ұйымдары өңірлерде де ашылып, қызмет көрсете береді", - дейді ол.

Жаңалықтар
0