Қоғам

Кредит төлеу кешіккенде борышкер не істеу керек – заңгерлер пікірі

© Sputnik / Наталья Селиверстова / Медиабанкке өтуЗнак процента
Знак процента - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Мамандар кредитті кешіктіргені үшін үстемақы қосу мен мүлікті тәркілейміз деп қорқыту заңға қайшы екенін ескертеді

НҰР-СҰЛТАН, 16 қазан – Sputnik. Елдегі несие алуға қабілетті 9 миллион тұрғынның 7 миллион 200 мыңы банкке қарыз. Бірінші несие бюросының мәліметі осындай, деп хабарлайды AstanaTV.

Пандемия жағдайды одан сайын ұшықтырып отыр. Қазір кредитін өтей алмайтындар күрт көбейген. Екінші деңгейлі банктер мен қаржы ұйымдарының қысымы да күшейген. Кредитін уақытында төлей алмаған тұрғындарға коллекторлық қызмет тыным бермеуде. Тіпті, қарызын кешіктірген күндеріне еселеп қайтаруға мәжбүрлеп жатқан көрінеді.

Алматы қаласының тұрғыны Артемий Лебедевтің кредитті уақытынан кешіктіргеніне үш ай болған. Тұрақты жұмысынан айырылған оның жағдайын қаржы ұйымы ескермек түгілі, қарыз үстіне қарыз еселеп берген. Тіпті, тағы кешіктірсе үйіндегі мүлкін тәркілейтіндерін айтып қорқытқан. Тығырыққа тірелген соң, қаржы ұйымынан алған 20 мың теңгесі де бірнеше есеге өсіп кеткен. Қарызға белшесінен батқан тұрғын қайда барарын, кімнен көмек сұрарын білмей дал.

"315 мың теңге қалды. 25 мыңнан төлеп келдім. Карантинге байланысты төлей алмағаным үшін 90 мың теңге қосып жіберіпті. Төлеуге міндеттісің дейді. Айыппұлдың қайдан қосылғанын да түсіндірмейді. Өте дөрекі сөйлеседі. Мүлкіңді тәркілейміз деп қорқытатын болды", – дейді Лебедев.

Банк алдындағы беделі түскен тұрғындардың мәселесін шешумен айналысатын заңгерлердің айтуынша, елімізде кредитін төлей алмағандар саны күрт артқан. Мысалы, бүгінде 1 миллион 375 мың адамның есеп шоты бұғаттаулы. Жеке сот орындаушыларына өткен берешек көлемі 7 триллион теңгеге жуықтайды. Кредит бойынша артық пайызды байқаған кез келген адам заңгерге немесе ұлттық банкке жүгіне алады, дейді мамандар.

"Банктер үстінен пайыздар қосып жіберген жағдайда, көп адамдар сол жарлықты естіп хабарласып жатады. Ол кезде ұлттық банктің қаржы нарығын қорғау агенттігіне өзінің құқығын қорғап, президенттің жарлығын негізге ала отырып арыз жіберуге болады. Жалпы банктердің жылдық тиімді үстемақылсы 56 пайыздан аспауы керек", – дейді заңгер Фархат Әбдіқадіров.

Ал бірінші несие бюросының мәліметінше, елде кредит алуға қабілетті 9 миллион тұрғынның 7 миллион 200 мыңы банкке қарыз. Оның жалпы сомасы 3,5 триллион теңгені құрайды. Мамандар, кредитті төлеуден қашудың пайдасыз екенін айтады. Одан да банкке барып, мәселені тиімді шешу жолдарын қарастырған жөн.  

"Қазіргі уақыттағы статистика бойынша борышкерлердің 19 проценті қиын жағдайды бастан кешіріп жатыр. Яғни, төлем жасай алмауда. Бірақ, олардың банктен қашып жүруі дұрыс емес. Одан да банкке барып, қарызды бірнеше айға тоқтата тұруды сұрауға болады. Болмаса, аз-аздан бөліп төлеуге болады", – дейді бірінші несие бюросының атқарушы директоры Әсем Нұрғалиева.

Заңгерлердің сөзінше, тұтынушылық кредитті кешіктіргені үшін 56 пайыздан аса үстемақы қосу заңсыздық. Оған қоса, мүлікті тәркілейміз деген қорқыту өз алдына заңға қайшы әрекет екенін ескертеді.

Оқи отырыңыз: "Сіздің атыңыздан кредит алады": алаяқтардан қалай қорғану керек

Сондықтан мұндай жағдайда сотқа жүгінген жөн деп кеңес береді мамандар. Ал шағын қаржы ұйымдарының көбі заңды белшесінен басып, тұрғындардың қаржылық сауатсыздығын пайдаланып келеді. Берген қарызды бірнеше еселеп қайтарып алатындардың көбі ұлттық банктен рұқсат алмаған.

Жаңалықтар
0