АЛМАТЫ, 20 қараша – Sputnik. Әлемнің әртүрлі халқының протеомаларын зерттейтін Австралия мен АҚШ ғалымдары Шығыс Азия тұрғындарынан коронавирусқа тән ақуыздарды тапты.
Протеом – жасуша, тін немесе организм белгілі бір уақыт аралығында шығаратын ағза ақуызының жиынтығы.
Ақуыз ұрпағын есептеу әдісін қолдана отырып мамандар аймақ тұрғындарының коронавирус инфекциясына бейімделуі 25 мың жыл бұрын басталған деген қорытындыға келді. Зерттеу нәтижелері biorxiv серверінде жарияланды, деп хабарлады РИА Новости.
Әр адам популяциясындағы ақуыз құрамы өзгеріп отырады. Себебі ақуыз ағзаға түсетін вирустармен әрекетке түседі, әр вирустық эпидемиядан кейін популяцияның протеомасында белгілі бір патогенге тән ақуыздар сақталады.
Аделаида университетінің (Австралия), Австралия ұлттық университетінің және Аризона университетінің (АҚШ) зерттеушілері 26 түрлі адам популяциясының протеомаларын зерттеп, коронавируспен (CoV-VIP) тығыз әрекеттесетін ақуыздарды алды.
Мамандардың хабарлауынша, кейінгі 20 жылда коронавирус штамдары үш ірі ауруды тудырды:
- 2002 жылы Қытайдағы ауыр SARS жедел респираторлық синдромы;
- 2013 жылы Сауд Арабиясындағы Таяу Шығыстағы MERS респираторлық синдромы;
- қазіргі Covid-19 пандемиясы.
Мамандар Шығыс Азия тұрғындарынан коронавирустарға тән 42 CoV-VIP-тің бірегей жиынтығын тапты. Олардың осы патогендер тобына жататын басқа ақуыздарға қарағанда үш есе белсенді екені анықталды.
Зерттеушілер ең көне CoV-VIP жасынан бері 900 ұрпақ өтті деп санайды. Яғни, ақуыз құрамында коронавирусқа бейімделу реакциясы аймақ тұрғындары арасында алғаш рет шамамен 25 мың жыл бұрын пайда болған. Кейіннен бірнеше рет жаңартылған.
Ғалымдардың пікірінше, ғаламшардың осы бөлігіндегі коронавирус инфекциясы індеті 25-5 мың жыл бұрын жүйелі түрде болып тұрған. Соның нәтижесінде халықтар белгілі бір тұқым қуалайтын иммунитетті қалыптастырды.
"Біздің нәтиже медициналық зерттеулердің стандартты хаттамаларына эволюциялық геномдық тәсілдерді енгізу қажет екенін көрсетіп отыр. Ежелгі патогендік жаудың "тұлғасын" ашу ғалымдардың болашақта індетті болжау және алдын алу қабілетін арттырады", – дейді зерттеушілер.
Ғалымдар жаңа коронавирус инфекциясына қатысты анықталған популяциялық айырмашылықтар дұрыс эпидемиологиялық стратегияны қалыптастыруға көмектеседі деп үміттенеді. Сондай-ақ, вакциналардың таралуын бағыттауға және емдеуді түзетуге септігін тигізеді.
Оқи отырыңыз: Ғалымдар организмдегі коронавирусты 5 минуттың ішінде өлтіретін өнімді атады