НҰР-СҰЛТАН, 16 қараша – Sputnik. Сәтбаев қаласының жедел жәрдем қызметкерлері полицияға хабарласып, саяжай аумағында итке таланған қыз баланың мәйіті табылғанын айтқан. Осы жағдайға байланысты қалалық әкімдік ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Жергілікті атқарушы орган өкілдері қайтыс болған қыздың анасы 27 жаста екенін мәлімдеді. Ол үш баласымен және ер адаммен бірге тұрған. Полицейлер олардың қиын отбасы ретінде есепке алынғанын алға тартып отыр.
"Қазір екі бала "Қамқор" әлеуметтік оңалту орталығына орналастырылды. Олар білім бөліміне қарасты қамқоршылық бөлімнің бақылауында. Қайғылы оқиға болған күні бала зейнет жасындағы танысының қарауында қалған", – деп хабарлады қала әкімдігі.
Айта кетейік, қаралы үйге бүгін қала әкімінің орынбасары Дәуір Жүнісбеков барған. Бүлдіршінді жерлеу шараларын ұйымдастыруға жергілікті атқарушы органдар көмектесетін болды.
Бұған дейін ересектердің қарауынсыз қалған қызды үй ауласында иттердің талап өлтіргенін хабарланған.
Оқи отырыңыз: Алматы облысында итті тірідей өртегендер ұсталды
Қазіргі кезде осы оқиғаға байланысты қылмыстық іс жүргізілуде. Сараптама тағайындалып, істің мән-жайы зерттелуде.
Ветеринарлық қызметке қаңғыбас иттерді аулауға бұйрық берілді.