Өңірлер

 Атырауда лифтіде жасөспірімдер көз жұмды: сот ешкімге жаза кеспеді

© Sputnik / Владимир Федоренко / Медиабанкке өтуРемонт лифта, архивное фото
Ремонт лифта, архивное фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
 Атырауда көпқабатты үйдің лифтінде екі жасөспірімнің қаза болуына қатысты сот ісі 2,5 жылдан кейін аяқталды 

НҰР-СҰЛТАН, 16 қараша — Sputnik. Атырау соты Алмагүл шағын ауданындағы №19 үйдің лифт шахтасына екі жасөспірімнің құлап кетуіне қатысты іс бойынша үкім шығарды.

Сот Қазақстан Қылмыстық кодексінің 254-бабы бойынша "Каспий Лифт" ЖШС-нің 53 жастағы бұрынғы директоры Қаныбек Мұратбаевты кінәлі деп таныды. Бірақ ескіру мерзімінің өтуіне байланысты оны жазадан босатты, деп жазды Ақ Жайық газеті.

Сот тергеуі сотталушы Мұратбаевтың №19 үйдегі лифтілердің жұмыс істемейтінін білгенін және ақауларды жойып, тұрғындарды қауіпсіз етуге нақты мүмкіндігі болғанын анықтады. Ол сондай-ақ қызметіне немқұрайлы қарап, шартты түрде сотталуына байланысты бірнеше жыл бойы Алматыда болып, Атыраудағы лифтілердің жұмысына бақылау жасамаған. Салдарынан лифтілер істен шыққан, есіктері бекітілмей, ашық күйде қалған.

Оқи отырыңыз: Ақтөбеде лифтіде өлген тележүргізушінің күйеуі кешірім бермеді 

Сот ісі прокурорлардың, жәбірленушілердің, сотталушының және оның адвокатының қатысуымен онлайн режимінде қаралды. Прокурор Анар Абдолла Қаныбек Мұратбаевты кінәлі деп тануды және оны ескіру мерзімінің бітуіне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатуды сұрады.

Жәбірленушілер сотталушыны жазалауды, ал адвокат пен сотталушы ақтау үкімін шығаруды сұрады.

№2 қалалық сотының төрағалық етуші судьясы Зәуре Қазақбай Мұратбаевты кінәлі деп тапты. Бірақ ол өз кінәсін мойындамады, енді сот үкіміне шағымданбақ. Бұдан басқа, сот "Каспий Лифт" ЖШС-не дейін Алмагүл шағы ауданындағы лифтілерге қызмет көрсеткен "Тату" ЖК-іне қатысты қылмыстық қудалауды тоқтату туралы шешімді заңсыз деп санап, облыс прокурорының атына жеке қаулы шығарды. Сондай-ақ, қылмыстық істі тергеудің созылуына (екі жылдан астам) қатысты Атырау облысының полиция департаментіне қатысты жеке қаулы шығарды.

Неге мұндай үкім шықты?

Судья Зәуре Қазақбайдың айтуынша, Қылмыстық кодекстің 11-бабының 2-тармағы бойынша бұл онша ауыр емес қылмыс ретінде белгіленген, оның бас бостандығынан айыру жазасы 5 жылдан аспайды.

"Сот үкімі шыққанға дейін екі жылдан астам уақыт өтті, заң бойынша бұл санаттағы қылмыстың ескіру мерзімі өтті. Сондықтан сот Мұратбаевты Қазақстан Қылмыстық кодексінің 254-бабы бойынша кінәлі деп тапты, бірақ оны қылмыстық жазадан босатты", - деп түсіндірді судья.

Сот сотталушыдан процессуалдық шығындарды өндіріп алды. Алайда жәбірленушілерге өтемақы қорына мәжбүрлі төлем өндірмеді, өйткені бұл төлем 2018 жылдың 1 шілдесінен кейін жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін өндіріліп алынады. Жәбірленушілер тарапынан азаматтық талап арыз түспеді.

Еске салсақ, 2018 жылдың 21 мамырында Алмагүл шағын ауданындағы №19 үйде жұмыс істемей тұрған жүк лифтісінің шахтасына құлап, екі жасөспірім қаза болған еді. Бұл іс бойынша қылмыстық істі тергеу екі жылдан астам уақытқа созылды. Сотта жасөспірімдердің ата-аналарынан басқа, 2018 жылы Атырау қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған және коммуналдық секторға жетекшілік еткен Атырау облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Нұрлан Таубаевтан жауап алынды.

Жаңалықтар
0