НҰР-СҰЛТАН, 14 қараша – Sputnik. Петропавлда шағын автобус қарсы бағытта келе жатқан қоғамдық көлікпен соқтығысудан қашып, электр бағанын құлатты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Жол апаты Украина көшесінде болған.
"№7 бағыттағы MAN 202 маршруттық автобусының жүргізушісі қарсы жолаққа шығу арқылы Shaolin маркалы №4 бағыттағы автобустың апатқа ұшырауына себеп болды. Нәтижесінде Shaolin автобусы электр бағанын соғып, құлатты", – делінген облыстық полиция департаментінің хабарламасында.
Полицейлердің түсіндіруінше, жол апаты салдарынан жүргізуші мен жолаушылар тарапынан медициналық көмекке қатысты ешқандай шағым түспеген.
Ал Shaolin автобусына механикалық зақым келген.
"№7 бағыттағы автобус жүргізушісіне Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 610-бабы 1-бөлігі (көлік құралдарына немесе басқа мүлікке зиян келтіретін жол қауіпсіздігі ережелерін бұзу) және 611-бабының 2-бөлігі (жүргізушінің осыған байланысты міндеттемелерді орындамауы) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды", – деп түсіндірді полиция өкілдері.
Оқи отырыңыз: Көлік жерасты өткеліне құлады: Алматыдағы апаттан үш бала зардап шекті – фото
Айта кетейік, ағымдағы жылдың он айында Солтүстік Қазақстан облысының жолдарында 159 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, нәтижесінде 30 адам қайтыс болып, 206 адам жарақат алды.