НҰР-СҰЛТАН, 10 қараша – Sputnik. Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмекке рецепт жазып беру ережесіне өзгеріс енгізді. Бұл туралы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрлыбек Асылбеков мәлім етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Асылбековтың айтуынша, жазғы карантин кезінде азаматтар рецептпен дәрі-дәрмек алу проблемасына тап болған. Емханалардың қашықтан жұмыс істемеуі және тағы басқа мәселелер туындаған.
"Осыны ескере отырып, министрлік рецептерді жазып беру және есепке алу қағидаларын жаңадан бекітіп, жаңа қосымшалар енгізді. Ол 7 қарашадан бастап күшіне енді", - деді Асылбеков орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Оның айтуынша, жаңа қосымшалар бойынша дәрігерлер электронды рецепт жазып бере алады.
"Бұл қағидада былай айтылған: "Төтенше жағдай, шектеу шаралары, оның ішінде карантин кезеңінде рецепті қағаз түрінде жазып беру мүмкін болмаған жағдайда электронды түрде рецепт жазуға, не пациенттің немесе дәрігердің тегі мен аты-жөнін, сондай-ақ, электронды байланыс құралдарын пайдалана отырып, дәрігердің жұмыс орнын көрсете отырып, электронды түрде тағайындауға рұқсат етіледі". Осылайша, рецептпен тегін берілетін антибиотиктерді, болмаса, басқа да дәрі-дәрмекті уақытылы алуға болады", - деп атап өтті Асылбеков.
Оқи отырыңыз: "СК-Фармацияның" басшысы қанша жалақы алатынын айтты
Осы орайда комитет төрағасының орынбасары амбулаториялық деңгейде емделетін науқастарға дене қызуын түсіретін және қанды сұйылтатын бес препараттың рецепт бойынша тегін берілетінін еске салды. Олар – "Парацетамол", "Ибупрофен", "Ривароксабан", "Апиксабан" мен "Дабигатран".