НҰР-СҰЛТАН, 10 қараша – Sputnik. Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 10 айдың қорытындысы бойынша мемлекет қаржысын игермеген органдарды атады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Айтуынша, республикалық бюджеттің шығыстары 11 триллион 284 миллиард теңгені құрады. 32 миллиард теңге атқарылмаған. Оның ішінде үнемдеу – 8 миллиард теңге, игерілмегені – 24 миллиард теңге.
"Неғұрлым ірі игерілмеген сома мынадай орталық мемлекеттік органдарда қалыптасты: қаржы министрлігі, ауыл шаруашылығы министрлігі, әділет министрлігі, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі", - деді Жамаубаев үкімет отырысында.
Игерілмеудің негізгі себептері: конкурстық рәсімдерді, шарттарды жасасу рәсімдерін ұзақ өткізу, орындалған жұмыс актілерін ұсынбау, сотта мемлекеттің мүддесін қорғау жөніндегі талап-арыз жұмыстарының жүргізілуі, нақты көрсетілген қызметтер көлемі, орындалған жұмыстар үшін ақы төлеудің созылуы.
Оқи отырыңыз: Қазақстандықтар кредитті көп ала бастады
Сондай-ақ, министр жергілікті бюджеттердің шығыстарына да тоқталды. Ол 6,4 триллион теңгені құраған, атқарылмағаны – 128 миллиард теңге. Биыл өңірлерге 2,3 триллион теңге сомасында нысаналы трансферттер көзделген.
"1 қарашадағы мәлімет бойынша оларға 1,7 триллион теңге бөлінді. 98,2%-і игерілген. Атқарылмағаны – 31 миллиард теңге, оның ішінде 7 миллиард теңге үнемделді, 24 миллиард теңге игерілген жоқ", - деді ведомство басшысы.
Қаржыны ең көп игермеген өңірлер:
- Ақтөбе облысында – 3,2 миллиард теңге;
- Алматы қаласында – 3 миллиард теңге;
- Солтүстік Қазақстан облысында – 2,5 миллиард теңге;
- Батыс Қазақстан облысында – 2,3 миллиард теңге;
- Түркістан облысында – 1,9 миллиард теңге.
Осы орайда Жамаубаев қаржы жылының аяқталуына аз уақыт қалғанын еске салып, орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдарға жоспарланған қаражатты ғана емес, сондай-ақ, үкімет резервінен бөлінген ақшаны да игеруді жеделдетуге кеңес берді.