Қоғам

"Болашақ" стипендиясына – 27 жыл: Айнұр Кәрібозова бағдарламаның жаңашылдықтарын бөлісті

© Sputnik / Абзал Калиев"Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ президенті Айнұр Кәрібозова
Халықаралық бағдарламалар орталығы АҚ президенті Айнұр Кәрібозова - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Халықаралық бағдарламалар орталығының президенті конкурстық іріктеу талаптарының неге күшейгенін, ауыл жастарына арналған жеңілдіктер пен пандемияның әсері туралы әңгімеледі

НҰР-СҰЛТАН, 5 қараша – Sputnik. Қазақстан брендіне айналған "Болашақ" халықаралық стипендиясына бүгін 27 жыл толды. 1993 жылы дәл осы күні тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев қазақ жастарына мұхит асып, әлемнің үздік жоғары оқу орындарында тегін білім алуға мүмкіндік беретін бірегей бағдарлама құрған еді. Осы аралықта 14 мыңға жуық азамат стипендия иегері атанды.

Шетелде алған білімі мен білігін ел игілігіне жұмсайтын "болашақтықтар" қатары келешекте артатыны сөзсіз. Биылдан бастап болашақ түлектерге қойылатын талап та күшейіп, конкурстық іріктеу ережелері біршама өзгерді. Sputnik Қазақстан тілшісі Халықаралық бағдарламалар орталығының президенті Айнұр Кәрібозовамен әңгімелесіп, бүгінге дейін атқарылған жұмыстар жайлы сұрап білді.

Адами факторды жоюға мүмкіндік берді

- Айнұр Бағдатқызы, Халықаралық бағдарламалар орталығына басшы болып келгеніңізге де тура бір жыл толған екен. Осы уақыт аралығында біраз істің басы қайырылды. Бүгінгі әңгімемізде солардың ең негізгілеріне тоқталсақ. "Болашақ" стипендиясына үміткерлерді қандай жаңалықтармен қуантасыз?

- Ең алдымен, "Болашақ" бағдарламасының жүзеге асырылу барысына қызығушылық танытқаны үшін "Sputnik Қазақстан" ақпарат агенттігіне алғысымды білдіргім келеді. Жалпы, бүгін орын алып жатқан өзгерістердің негізі маған дейін қаланып қойған. Мен келген тұста білім министрі Асхат Аймағамбетов "Болашақ" халықаралық стипендиясын іске асыратын барлық нормативтік-құқықтық құжатқа, ішкі ережелер мен  нұсқаулықтарға кешенді сараптама жасайтын жұмыс тобын құрды. Сол сараптаманың нәтижесінде биыл 6 мамырда үкімет қаулысымен үміткерлерді іріктеу ережесі бекітілді. Бұл ереже ұжымдық жұмыстың ең басты нәтижесі десек артық айтпаймыз. Неге десеңіз, жаңа ереже тоғыз ай мақұлданды. Әлемді жайлаған коронавирус індеті де құжаттың қабылдануын кешеуілдетіп жіберді.

Сонымен бұл ереже қандай өзгерістер әкелді?

2020 жылдан бастап "Болашақ" халықаралық стипендиясына құжат қабылдау және конкурстық іріктеу толық автоматтандырылды. Мұндағы басты мақсат  – қандай да бір адами факторларды толығымен жою. Нәтижесінде осы жылы 27 шілде мен 31 қазан аралығында үміткерлерден құжат қабылдау толық автоматтандырылған жүйеде, электрондық үкіметтің порталы арқылы жүргізілді. Одан кейін конкурстық іріктеу де пандемиямен тұспа-тұс келгендіктен, алғаш рет онлайн жүйеде өтті. Конкурстық іріктеудің бірінші кезеңі – кешенді тестілеу толық аудио және видеофиксацияланады. Егер үміткер сұрақтың жауабын басқа сайттан іздеуге әрекеттенсе, дабыл қағылады да, үміткердің бүкіл жауабы толығымен жойылып, автоматты түрде конкурстық іріктеуден шығып қалады.

Тағы оқыңыз: "Болашақ" стипендиясын иеленгендер тізімі жарияланды

Тағы бір маңызды дүние – конкурстық іріктеуге жолдама алған үміткер порталдағы жеке кабинетіне толық аты-жөнімен емес, жеке идентификациялық код арқылы кіреді. Яғни, тәуелсіз сарапшылар комиссиясы үміткерді әңгімелесуге шақырғанда, оның тек бет-әлпетін көреді, толық аты-жөнін көрмейді. Үміткердің анкетасында, кешенді тестілеудің нәтижелері мен шақыру хатында да толық аты-жөні жазылмайды. Мұның бәрі адами факторларды жоюға бағытталған. Сонымен қатар, комиссия мүшелерінің әр қойған сұрағы мен үміткердің жауабы аудио және видеоға жазылып отырады. Егер үміткер өз жауаптарына сенімді болып, бірақ республикалық комиссия шешімімен стипендияға ілікпесе, біз әрбір тәуелсіз сарапшының қандай баға қойғанын бейнежазбадан қарап, іріктеудің әділ өтіп-өтпегенін тексере аламыз.

Бюджеттің 1,3 млрд теңгесі үнемделеді

- Биылдан бастап барлық үміткерге "Болашақ" бағдарламасы аясында ұсынылған жоғары оқу орындарына өз бетінше түсу талабы қойылды. Бұдан бөлек, квоталардың барлығы жойылып отыр. Бұл өзгерістер "Болашақ" бағдарламасының қысқаруын білдірмей ме?

- Оның ондай мақсаты жоқ. Басты мақсат – стипендияға сапалы үміткер іріктеу. Сол себепті талаптардың күшейтілуі стипендияның сандық тұрғыдан азайтылатынын білдірмейді. Біз бұл талапты енгізу арқылы конкурстық іріктеу барысында үміткерлерге ұсынылатын мүмкіндіктердің теңдігіне қол жеткізуді көздедік. Яғни, сен мықты жоғары оқу орнына өз күшімен түскен үміткерсің және өзің сияқты үміткерлермен конкурстық іріктеуде ашық әрі тең бәсекелесесің деген сөз. Бұл сапалық тұрғыдан өзгеріс.

Енді бұған дейін болған жеті квоталық санаттың алынып тасталуына тоқталсақ. Жеңілдікке ие үміткерлерге шет тілі білімі бойынша талап біршама төмендетіліп, конкурстан сәтті өткеннен кейін академиялық оқуға дейін 2008-2012 жылдар аралығында төрт жыл бойы бір жарым жылға дейін алдын ала тілдік дайындық мүмкіндігі қарастырылды. Одан кейін 2012-2019 жылдары бір жылға дейін тілдік дайындық мүмкіндігі берілді. Енді 2020 жылдан бастап, жаңа іріктеу ережесіне сәйкес, осы 7 квоталық үміткерлер санаты толығымен жойылып отыр. Бір жылдық алдын ала тілдік дайындық мүмкіндігі де қарастырылмайды. Квоталарды алып тастау арқылы, тілдік мүмкіндікті жою арқылы біз, біріншіден, сапалық тұрғыдан конкурстық іріктеуге қатысушыларға тең мүмкіндіктер ұсынамыз. Ал сандық тұрғыдан жылына бюджетке 1,3 миллиард теңгені үнемдейміз. Бұл қолға алынып жатқан шарадан күтілетін оң нәтиже.

- Ал ауыл жастарына қандай да бір жеңілдік көзделген бе?

Ел президенті "Болашақ" бағдарламасы аясында ауыл жастарының шетелдің озық оқу орындарында білім алуына қолдау көрсетуді тапсырған болатын. Сондықтан жаңа іріктеу ережесіне сәйкес, жалпы конкурс негізінде тек осы санатқа ғана ерекше шарттар ұсынылады. Біріншіден, жалпы конкурс болғандықтан басты талап – "Болашақ" бағдарламасы аясында оқуға ұсынылатын басым мамандықтар тізіміне кірген мамандық бойынша құжат тапсыру. Соның ішінде шет тілі білімі бойынша IELTS сертификаты 6,0 балдан, ал мемлекеттік тіл деңгейінің сертификаты В1 деңгейінен кем болмауы тиіс. Бұдан бөлек, олардан ауылдық елді мекеннен келген үміткер екенін растайтын мекенжай анықтамасы талап етіледі. Ереже бойынша үміткер сол елді мекенде кемінде үш жыл тұрып, соңғы екі жылда ауылда жұмыс істейтінін тиісті құжаттармен растауы керек.

- Конкурстық іріктеу бұған дейін алты кезеңнен тұрғаны мәлім. 2020 жылдан бастап үш кезеңге дейін қысқартылып отыр. Бұл өзгеріс немен байланысты?

-Алғашқы үш кезең – мотивациялық, ұсыным хаттарды бағалау және қазақ тілі мен шет тілін игеру тесті болатын. Осы үш кезең жыл сайын бюджет қаражаты есебінен ұйымдастырылып келді. Оның кезең-кезең ұйымдастырылуына кемінде жылына 7 миллион теңгедей жұмсалатын. Енді жаңа ережеге сәйкес, алғашқы үш кезең адами факторлардың басымдығы тұрғысынан тәуекелі жоғары деп танылып, қысқартылып отыр. Яғни, адами факторлар мейлінше азайтылды, тіпті жойылды десек болады. Осылайша биылдан бастап конкурстық іріктеуге қатысатын үміткерлер үш кезеңнен ғана өтеді.

- Бүгінгі әлем тұрақты емес. Тіпті төрткүл дүниені әбігерге салған  індеттің өзі адамдардың өмір салтын өзгертіп жатыр. Жалпы, құбылмалы заманда еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар да өзгеретіні сөзсіз. "Болашақ" бағдарламасы аясында басым мамандықтар тізімін жасау кезінде осы жағы ескеріле ме?

 - Бұған дейін бізде басым мамандықтар тізімі қалай жасақталды? Еңбек нарығындағы барлық мүдделі ұйым өзіне қажет мамандықтарды тізіп, білім министрлігіне жолдайтын. Ведомство, өз кезегінде, заңнама тұрғысынан шектеу нормалары болмағандықтан, барлық түскен қажеттілікті тізім етіп жасақтап, бекітуге мәжбүр еді. Соның салдарынан бағдарлама іске асырылған 26 жыл ішінде елге оралған түлектердің басым көпшілігі – 50 пайыздан астамы әлеуметтік-экономикалық, гуманитарлық бағыттардың өкілдері, 30 пайызға жуығы инженерлік-техникалық, 8 пайызға жуығы медицина, 2 пайызға жуығы шығармашылық мамандықтар болды. Яғни, біздің нарыққа қажет емес мамандық иелері көптеп даярланды. Сондықтан, келешекте осы кемшіліктерді түзеу мақсатында іріктеу ережесіне екі шектеу нормасы енгізілді. Біріншісі, басым мамандықтар тізімі жыл сайын білім министрлігімен еңбек нарығындағы қажеттіліктердің орта мерзімді болжамын ескеру арқылы жасалады. Екінші шектеу нормасы – басым мамандықтар тізімін құруда мамандықтардың бағыты бойынша сандық үйлестіру нормасы енгізілді.

Тағы оқыңыз: "Бос уақытта айналыссын": Тоқаев "Болашақ" арқылы оқитын шенеуніктер жайлы айтты

Екінші маңызды алғышарт –  "Болашақ" бағдарламасы аясында оқуға ұсынылған жоғары оқу орындар тізіміне қатысты талаптардың күшейтілуі. Бір ғана мысал, 2019 жылы бағдарлама аясында оқуға ұсынылған жоғары оқу орындардың тізімінде 537 университет болған, оның 20 пайызы ғана –алдыңғы қатардағы білім ошақтары. Қалған 80 пайызының деңгейі орта, ортадан төмен деген сөз. Бұл, жалпы, "Болашақ" концепциясына қайшы. Өйткені бағдарлама қазақстандық жастардың әлемнің тек үздік оқу орындарында білім алуын көздейді. Сондықтан 2020 жылы бұл тізім үш жарым есеге қысқартылды, осылайша биыл оқуға ұсынылған тізімге 138 жоғары оқу орны енді.

Пандемия "болашақтықтарға" сұранысты арттырды

- Сөзіңіз аузыңызда, "болашақтықтарды" даярлауға ел қазынасынан бөлінген қаржының біразы зая кетті деп ойламайсыз ба?

- Қазір бағдарламаның тиімділігі, түлектерді оқытуға жұмсалған бюджеттің қайтарымдылығы жөнінде сұрақ жиі қойылады. Үміткерлерге тілдік дайындықтан өтуге мүмкіндік беру, құжат қабылдау барысында бюджеттік, әлеуметтік, мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне жеңілдік жасау сол кездегі уақыт талабы болатын. Ол сол уақытта мемлекет тарапынан "Болашақ" бағдарламасы аясында қазақстандықтарға шетелде оқып келуге көрсетілген қолдау. Қаражаттың қайтарымдылығын саралайтын болсақ, біз сандық та, сапалық тұрғыдан да бағдарламаның тиімді екенін және инвестицияның қайтарылғанын толық сеніммен айта аламыз.

Жай ғана қарапайым мысал келтірсек, жиырма жеті жылда "Болашақ" бағдарламасы аясында 800-ге жуық медицина маманы дайындалды. Пандемия басталғалы бері қоғамда "болашақтықтар" қайда, олар коронавирусқа қарсы вакцина шығара ма деген сауалдар жиі қойыла бастады. Сонда біз бір ғана қарапайым жобамен барлық "Болашақ" түлегін мобилизациялап, осы орталықта коронавирусқа қарсы күрес бойынша консультация беретін жедел желісін жасақтадық. "Болашақтықтар" жедел желіде ерікті ретінде тегін жұмыс істеді, әрқайсысы күніне үш-төрт сағаттан телефонмен үздіксіз кеңес берді.

Ең қызығы, пандемия кезінде "Болашақ" түлектеріне сұраныс әжептәуір  артты. Бұл немен байланысты? Менің ойымша, қазір жұмыс берушілер штаттағы қызметкерлерін қысқартып, он қызметкерге татитын бір қызметкер іздестіріп жатыр. Яғни, оларға шет тілін меңгерген, жан-жақты ойлайтын, тығырақтан шығудың сан түрлі жолын білетін білікті де білімді кадр қажет. Бұл еңбек нарығында "болашақтықтардың" басқа түлектермен салыстырғанда едәуір артықшылықтары бар деген сөз. Жалпы осы үдеріс болашақта да сақталады деп үміттенеміз.

- Бүгінде "Болашақ" түлектеріне қатысты қоғамда сан алуан пікір бар. Соның бірі – мұхит асып, шетелдің үздік университеттерінде білім алып келген жастардың елге оралып, жұмыс таппай сенделуі. "Болашақ" түлегі ретінде, "болашақтықтармен" етене жұмыс істеп жүрген басшы ретінде бұған айтар уәжіңіз қандай?

- Статистикаға көз жүгіртсек, 1993 жылдан бері барлығы 13 978 азамат стипендия иегері атанды. Оның 10 700-і –  түлектер. Осы он мыңның 7 700-і  - келісімшартқа сәйкес шетелден оралып, Қазақстан аумағында мамандығы бойынша еңбек еткендер, яғни мемлекет алдында берешегін өтегендер. Ал  Халықаралық бағдарламалар орталығымен еңбек өтілі бойынша келісімшарттық міндеттемеде тұрған түлектердің саны – 3 300. Біздің жұмысымыз – осы 3 мыңнан аса түлектің елімізде өз мамандығымен қызмет етіп жүргеніне көз жеткізу.

Тағы оқыңыз: Кембридж түлегі сауда және интеграция вице-министрі болды

Ресми статистикаға жүгінетін болсақ, 3 300 түлектің 99 пайызы еңбекпен қамтамасыз етілген. Яғни, дерекқорда 39-ы ғана жұмыссыз деп көрсетіліп тұр. Десе де, мен де өзім "Болашақ" түлегі болғандықтан, ол статистиканың қолда бар құжаттарға сәйкес жасалатынын, еңбек нарығында тұрақты жұмысы жоқ, әртүрлі жобалық, аутсорсинг, фрилансер сияқты түлектердің аз еместігін жақсы білемін. Олар енді толық немесе жартылай еңбекпен қамтамасыз етілген. Біз ондай жағдайдың бар екенін мойындаймыз, жоққа шығармаймыз. Сол себепті түлектерге екі қолға бір күрек табуға жәрдемдесу де – біздің басты мақсатымыз. Біздің құрамда арнайы түлектермен жұмыс басқармасы бар. Қазір басқарма ай сайын 10-20 шақты түлекке жұмыс тауып беріп отыр. Бізге әртүрлі ұйымдардан күнделікті бос орындар туралы ақпарат түседі. Бұрын "болашақтықтар" осы басқармаға тек қадағалаушы орган ретінде қарайтын. Ал қазір бізге деген сенімі артып келеді.

- Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге рақмет!

Жаңалықтар
0