АЛМАТЫ, 2 қараша – Sputnik. Қарағанды облысында көмір тиелген сегіз вагон рельстен шығып кетті, деп хабарлады төтенше жағдай министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли.
Оқиға 2 қараша сағат 06:00-де Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданындағы Ботақара стансасының теміржол өткелінен 27-ші шақырым жерде болған.
Оқи отырыңыз: Шымкенттегі апаттан кейін пойыз қозғалысы қалпына келтірілді
"Пойыз жолында көмір тиелген сегіз вагон жолдан шығып кетті, оның ішінде екі вагон аударылды. Оқиға салдарынан 150 метр теміржол төсеміне зақым келді", - деді Уәли.
Бұл пойыздардың қозғалысына әсер еткен жоқ. Оқиғадан ешкім зардап шекпеді. Қалпына келтіру жұмыстарын "Разрез Кузнецкий" ЖШС жүргізіп жатыр.
Айта кетейік, осыған ұқсас оқиға 24 қазанда Шымкентте болды. 14 жүк вагоны рельстен шығып кетті.