НҰР-СҰЛТАН, 24 қазан – Sputnik. Шымкентте вагондардың рельстен шығып кетуіне байланысты уақытша тоқтатылған пойыздар жолға шықты, деп хабарлады төтенше жағдайлар министрлігі.
Ведомствоның ресми өкілі Талғат Уәлидің айтуынша, қозғалыс сағат 12.49-да қалпына келтірілген. Барлығы 7 жолаушылар пойызы кешікті, атап айтқанда:
- Шымкент стансасында Ақтөбе – Алматы №34 жолаушылар пойызы 9 сағатқа, Қызылорда – Петропавл №76 пойызы 7 сағатқа;
- Қорғасын стансасында Қызылорда – Көкшетау № 56 жолаушылар пойызы 5 сағатқа;
- Қызылсай стансасында Алматы – Ақтөбе №23 жолаушылар пойызы 8 сағатқа;
- Манкент-2 стансасында Алматы – Шымкент №11 жолаушылар пойызы 5 сағатқа, Нұр-Сұлтан – Сарыағаш №85 пойызы 1,5 сағатқа;
- Састөбе стансасында Алматы – Ақтөбе № 33 жолаушылар пойызы 1 сағатқа кешікті.
Қозғалысы кешіктірілген пойыздарда 1 393 жолаушы болған. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар Шымкент қаласына жолаушыларды тасымалдау үшін 5 шағын автобус пен 2 автобус ұйымдастырды.
Еске сала кетейік, 24 қазан күні түнде 14 вагон жолдан шығып, аударылып кеткен болатын.