НҰР-СҰЛТАН, 1 қараша – Sputnik. Соңғы кезде әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы "Тұран әскеріне" қатысты видеолар кеңінен таралып кетті. Әсіресе, Түркияның қорғаныс министрі Хулуси Акардың Қазақстанға сапары алдында осы тақырыпқа арналған бейне және мәтіндік материалдар көп болды. Ал сапардан соң көпшілік "Тұран әскерінің құрылатыны рас екен" деп пікір жаза бастады. Осыдан кейін Қазақстанның қорғаныс министрлігіне ол ақпаратты жоққа шығаруға тура келді. Sputnik Қазақстан тілшісі саясаттанушылармен сұхбаттасып, ондай алыпқашпа әңгіме не үшін таратылатынын және кімге тиімді екенін сұрады. Мамандар бұл бастамаға қатысты өз болжамын да жасады.
Идеологтардың әрекеті
Саясаттанушы Дос Көшімнің ойынша, идеологтар ондай ақпаратты әдейі таратып, халықтың көзқарасын білуге тырысады.
"Оларды "жау" деп айтпай-ақ қояйық. Бірақ бәсекелестеріміз бар. Содан саясаттанушылар мен идеологтар ондай ақпаратты әдейі таратады. Сол арқылы біздің көзқарасымызды білуге тырысады, я болмаса, біздің арамызға жік түсіруді көздейді. Өздерінің мақсат-мүдделері бар", - дейді Көшім.
Осы орайда сарапшы Тұран әскерінің құрылуына қатысты өз ойын айтты. Оның пікірінше, бүгінде Солтүстік атлантикалық альянс (NATO) сияқты аймақтық әскери ұйымдар бар екеніне қарамастан, туысқан мемлекеттер бірігіп, белгілі бір ұйым құруы да мүмкін.
"Дәл қазір осындай мәселе (Тұран әскерінің құрылуы – Sputnik) болуы мүмкін бе?" десе, мен "қазір мүмкін емес" деп айтар едім. Өйткені ондай қауіп жоқ. Болашақта болуы әбден ықтимал. Әйтпесе, белгілі бір саяси-әскери жағдайға байланысты туындауы мүмкін. Оны жоққа шығармаймын. Өйткені тарихи-мәдени жағынан жақын халықтардың бір-біріне көмектесіп, өз мүдделерін қорғайтыны – табиғи заңдылық", - деп атап өтті Көшім.
Әрбір ел өзі кіретін ұйымның талаптарын орындауға міндетті
Саясаттанушы Самат Нұртаза да Тұран әскеріне қатысты ақпаратты әлдекімдер әдейі таратып жатқанын жеткізді. Айтуынша, олар сол арқылы халықтың бұл мәселеге қатысты көзқарасын біліп қана қоймай, көрші державалардың реакциясын тексеруге тырысады.
"Меніңше, бұл ақпарат Ресей мен Қытайға "Қазақстан кетіп барады, Өзбекстан кетіп бара жатыр" дегенді көрсетіп, жүйкесіне тиюді көздейтін тәрізді. Осылайша, мүдделі адамдар Мәскеу мен Бейжіңнің реакциясын көргісі келеді. Бұның бәрі – фейк. Манипулияция үшін таратып жатыр", - деді Нұртаза Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Сарапшы Тұран әскерін құрудың қаншалықты қиын екенін де түсіндіріп берді. Біріншіден, Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына кіреді. Оның құрамында Ресей, Армения, Беларусь, Қырғызстан және Тәжікстан бар. Ал Түркия НАТО-ның мүшесі. Оған қоса, түркітілдес мемлекеттердің барлығы бірдей шекаралас аймақта орналасқан жоқ.
Оқи отырыңыз: Түркі елдерінің "Тұран әскері" құрыла ма – қорғаныс министрлігі жауап берді
"Ал басқа ұйымды құрып, оған кіру үшін ұзақ уақыт керек. Сосын осы мәселеге реалистік тұрғыда қарау қажет. Мысалы, Түркия мен Әзербайжан шекаралас мемлекеттер, бірақ бізбен ортақ шекарасы жоқ. Ал Ресеймен 7 мың шақырымдық шекарамыз бар. Сондықтан "стратегиялық жағдай" және "тарихи көрші" деген мәселелерді ескеру керек", - дейді Нұртаза.
Оның айтуынша, әрбір мемлекет өзі кіретін ұйымның талаптарын орындауға міндетті. Мәселен, қазір Әзербайжан Армения жеріне әскери шабуыл жасамай отыр. Себебі армян жеріне бомба түссе, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттер Арменияға көмектесуі керек.
Таулы Қарабақ түрткі болды
Әскери ғылымдар кандидаты, доцент Георгий Дубовцев Тұран әскеріне қатысты әңгімелердің жандануына Таулы Қарабақтағы әскери шиеленіс түрткі болды деп санайды. Ал оны таратып жатқан адамдар маңызды бір мәселені ескермеген.
"Әзербайжанмен салыстырғанда Қазақстан жерінде және Орталық Азияның басқа мемлекеттерінде түркішілдік идеясы қатты тарамаған. Халықтар да оны анау айтқандай қолдап отырған жоқ. Ал сарапшылар ортасында оны қарым-қатынасты дамытудың бір векторы ретінде ғана қарастырып жатады. Сондықтан Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің "Тұран әскеріне" мүше болуы – декларативті ұран. Оны неоосманизмді жаңғыртуды көздейтін түрік сарапшылары көтеріп отырады", - дейді отставкадағы полковник.
Осы орайда сарапшы Қазақстан үшін Түркиямен сан алуан сала бойынша байланыстарды дамыту маңызды екенін ерекше атап өтті. Бірақ сыртқы саясатта оған басымдық берілмейді.
"Қазақстан жақын орналасқан басқа да түркітілдес көршілері сияқты көпвекторлы сыртқы саясатты ұстанады. Осы саясат ұлттық қауіпсіздік пен егемендікті күшейтуге қажетті әрі маңызды мемлекеттермен арадағы ынтымақтастық байланыстарды дамытуды көздейді. Олардың ішінде Ресей, Қытай, АҚШ пен Еуропа одағы елдері бар", - деп атап өтті Дубовцев.
Түркияның қорғаныс министрі не үшін келді
Осы аптаның басында Түркияның қорғаныс министрі Хулуси Акар Қазақстанға ресми сапармен келіп кеткен болатын. Нұр-Сұлтанда өткен кездесулер кезінде әскери-техникалық ынтымақтастық, әскери білім, әскери дайындық және оқу-жаттығуларға қатысу мәселесі талқыланды. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың айтуынша, 2018 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркияға жасаған ресми сапары аясында маңызды құжаттар рәсімделген. Соның ішінде әскери ынтымақтастық және әскери салада құпия ақпаратты бірлесіп қорғау туралы келісімдер бар. Қазіргі кезде құқықтық базаны күшейту мақсатында әскери тарих пен ақпарат алмасу бойынша тағы екі хаттама әзірленіп жатыр.
Қорғаныс министрлігі таратқан мәліметке сәйкес, Қазақстан Түркиямен арадағы көпжоспарлы стратегиялық қарым-қатынастарды нығайтуға үлкен мән береді. Осы орайда ведомство Қазақстанның қарулы күштерінің құрылуы мен дамуының алғашқы кезеңінде Түркияның қарулы күштері мен Бас штабының бірінші болып қолдау көрсеткенін де еске салды. Атап айтқанда, Түркия 1990-2000 жылдары қайтарымсыз негізде Қазақстанға әскери мүлікті жеткізіп отырған. Соның ішінде кеңсе техникасы, картографиялық құрал-жабдықтар, байланыс құрылғылары және жол талғамайтын көліктер бар.
Уақыт өте келе, тараптар көпмақсатты жеңіл брондалған көліктер мен оптикалық-электронды құралдар өндірісі саласында өзара тиімді байланыстарға көшті. Ал әскери білім саласында курсанттар Түркияның жетекші әскери училищелерінде өз дайындықтарын шыңдайды. 2020 жылы Қазақстанның өтініші бойынша киберқауіпсіздік мамандығына квота бөлінді. Өткен жылы алғаш рет Ұлттық қорғаныс университеті негізінде түрік әскерилері оқудан өтті.
Ал әскери дайындық саласындағы ынтымақтастықтың маңызды бір бағыты – арнайы операция өткізетін күштерді дайындау. Бұдан бөлек, қазақстандық әскерилер "Эфес" пен "Кыш" оқу-жаттығуларына қатысып, сан алуан оқыту орталықтарына барып тұрады.