Қоғам

Түркі елдерінің "Тұран армиясы" құрыла ма – қорғаныс министрлігі жауап берді

© Photo : пресс-служба министерства обороны КазахстанаЗдание министерства обороны Казахстана в Нур-Султане
Здание министерства обороны Казахстана в Нур-Султане - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Сарапшылардың пікірінше, Таулы Қарабақтағы қақтығысқа байланысты түркітілдес мемлекеттердің бірыңғай әскери блогын құру тақырыбы қайта басталды

АЛМАТЫ, 30 қазан – Sputnik. Қазақстан қорғаныс министрлігі жақында Түркия қорғаныс министрінің елге сапары кезінде түркі мемлекеттерінің бірыңғай армиясын құру тақырыбы талқыланбағанын мәлімдеді. Кейбір түрік бұқаралық ақпарат құралдары Түркия қорғаныс министрі Хулуси Акардың Қазақстанға сапарын түркітілдес елдерді біріктіретін әскери блок – "Тұран армиясын" құру идеясымен байланыстырды. Ал Қазақстанның қорғаныс министрлігі түрік БАҚ болжамын жоққа шығарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Сонымен қатар министрлік Қазақстан қорғаныс ведомствосына түркі мемлекеттерінің бірыңғай армиясына қатысу туралы ұсыныстар түспегенін хабарлады. Қазақстанның халықаралық әскери ынтымақтастығының күн тәртібінде мұндай мәселе тұрған жоқ.

"Екі елдің қорғаныс ведомстволары басшысының кездесуі барысында Қазақстан мен Түркия қарулы күштерінің қатысуымен қандай да бір бірлескен әскери құрамалар құру мәселелері қарастырылмағанын ресми түрде хабарлаймыз", – деді Sputnik Қазақстан тілшісіне Қазақстанның қорғаныс министрлігі.

"Тұран армиясы" құрылуына қатысты сарапшылар не дейді

Әскери ғылымдар кандидаты Георгий Дубовцевтің ойынша, Таулы Қарабақтағы қақтығысқа байланысты түркітілдес мемлекеттердің бірыңғай әскери блогын құру тақырыбы қайта басталды. Түрік сарапшыларының пікірінше, оның құрамына Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркіменстан кіруі мүмкін. Алайда бұл бастаманың қолға алынуы күмән туғызады.

"Бұл сарапшылар өте маңызды жағдайды ескерусіз қалдырды. Нақты айтқанда, Қазақстан мен Орталық Азиядағы басқа елдерде пантюркизм идеялары Әзербайжандағыдай кең таралмаған. Ол халық арасында жаппай қолдауға ие болмаған, ал сараптамалық деңгейде оны даму векторының бірі ретінде қабылдайды. Сондықтан Қазақстан мен басқа да Орталық Азия елдерінің "Тұран армиясына" мүше болу болжамы – жаңа османдық бағытты жандандыру идеясын қолдайтын жекелеген түрік сарапшылары алға тартатын декларативті ұран", – деді отставкадағы полковник, әскери ғылымдар кандидаты, доцент, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының сарапшысы Георгий Дубовцев Sputnik Қазақстан тілшісіне.

Қазақстан мен Түркияның әскери ынтымақтастығы

Сонымен қатар Дубовцев Қазақстан үшін Түркиямен қарым-қатынасты әр түрлі салаларда дамыту маңызды екенін, бірақ сыртқы саясатта бұл бағытқа басымдық берілмейтінін айтып өтті. Жақын орналасқан түркітілдес көршілер сияқты біздің еліміз де көпвекторлы сыртқы саясат жүргізіп отыр. Осы бағытта, егемендікті нығайту және ұлттық қауіпсіздікті қамтасамасыз ету маңызды саналатын Ресей, Қытай, ЕО елдері және АҚШ-пен ынтымақтастықты дамытуға басымдық берілетінін айтты.

Ал әскери саладағы қазақ-түрік ынтымақтастығы туралы сөз етілгенде, сарапшы бұл ең алдымен кадрлар даярлау және әскери білім беру, жауынгерлік дайындықтың бірлескен іс-шаралары, әскери қызметшілердің түрлі оқу-жаттығуларына қатысуы туралы сөз болып отырған деп есептейді.

"Әскери-техникалық салада қазақстандық қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту және қарулы күштер мен басқа да әскери құралымдарын техникалық жағынан қамтамасыз ету үшін Түрік компанияларының бірқатар инвестициялық жобаларды іске асыруы маңызды", – деп санайды Дубовцев.

Оқи отырыңыз: Оңтүстік өңірін "Тұран" облысы деп өзгерту ұсынылды

Алайда бұл Қазақстанның Ресей, Қытай, ЕО елдері және АҚШ-пен ынтымақтастықтан бас тартатынын білдірмейді. Сонымен қатар Қазақстанның Ресеймен ЕАЭО және ҰҚШҰ шеңберінде өзара одақтастық міндеттемесі бар.

Жаңалықтар
0