НҰР-СҰЛТАН, 27 қазан – Sputnik. Енді көзбе-көз өтетін жиналыстар мен отырыстарға қатысатын адамдардан коронавирус жұқтырмағаны туралы ПТР-анықтама талап етіледі. Анықтама мерзімі үш тәуліктен асып кетпеуі тиіс. Осы және өзге де ережелер Қазақстанның бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің "Карантиндік шектеу шаралары және оларды кезең-кезеңмен жеңілдету туралы" қаулысына қосымша құжатта жазылған.
Оған сәйкес, көзбе-көз форматта өтетін отырыстарға қатысатындарда өзімен бірге коронавирус жұқтырмағаны туралы ПТР-анықтама болуы тиіс. Сонымен қатар, олар жиналыстың соңына дейін респираторлық медициналық маска киюге және әлеуметтік ара қашықтықты сақтауға міндетті.
Бұдан бөлек, қатысушыларға бір-бірімен қол алысуға қатаң тыйым салынады.
Тағы оқыңыз: Қарашадан бастап бес уақыт намазды мешітте оқуға болады
Жиын өтетін бөлмелерде желдету жүйесі үздіксіз жұмыс істеуі тиіс.
Ғимаратқа кірер кезде азаматтардың дене қызуы өлшеніп, холлда санитайзерлер орнатылуы керек.
Қатысушыларды отырғызу кезінде әлеуметтік ара қашықтық ескеріледі.
Егер спикер жарты сағаттан көп сөйлесе және бірінші қатарда отырған адамдардан кемінде үш метр алыс тұрса, оған бетпердесіз сөйлеуге рұқсат етіледі.