НҰР-СҰЛТАН, 22 қазан – Sputnik. Атыраудағы "СК-Фармация" қоймасында COVID-19-бен күресу үшін қажетті дәрі-дәрмектер мен жеке қорғаныш құралдары жоқ болып шықты. Мұндай дерек облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің қызметкерлері ұйымдастырған арнайы мониторинг кезінде анықталды, деп хабарлайды жергілікті "Ақ Жайық" басылымы.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдерінің мәлімдеуінше, тексеріс кезінде компания қоймасында дәрі-дәрмек қоры болмаған.
"СК-Фармация" менеджері дәрі-дәрмектер көрші Ақтөбе облысындағы қоймада сақталатынын айтты. Ал қолда бар қордың бәрі медициналық мекемелерге таратылып қойғанын жеткізген. Алайда, қазбалап тексеру нәтижесінде, мәселен, №3 емханада медициналық маскалар болмай шықты", – делінген ақпартта.
Ал емханадағы медицина қызметкерлері болса, маскалар тексерушілер келер алдында ғана таусылып қалғанын айтып ақталған.
Сондай-ақ 5000-ға жуық тұрғынға қызмет көрсететін емхана қоймасында кейбір дәрі-дәрмектің жетіспейтіні де анықталды. Мысалы, "Ксарелто" мен "Дексаметазон" дәрісінің екі айға жететін 5000 қорабының орнына бар болғаны 10-ы ғана сақталған.
Оқи отырыңыз: Тоқаев ана өлімінің көбеюіне қатысты тексеріс жүргізуді тапсырды
Бір қызығы, жақында ғана денсаулық сақтау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Асхан Байдуалиев Атырау облысында коронавирустың екінші толқынымен күресуге арналған дәрі-дәрмектер мен жеке қорғаныш құралдарының екі айлық қоры бар деп мәлімдеген болатын.