Қоғам

"Сүйреп кіргізген": 19 жастағы мұғалімді зорлаған павлодарлыққа сот үкімі шықты

© Sputnik / Абзал КалиевҚыз жылап отыр, иллюстративті сурет
Қыз жылап отыр, иллюстративті сурет - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Жас мұғалімді зорлаған ер адам он бес жылға сотталды, енді ол қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеде жазасын өтейді

НҰР-СҰЛТАН, 14 қазан – Sputnik. Павлодар облысының тұрғыны мұғалімді зорлағаны үшін 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкімді өңірлік қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сот шығарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Сот отырысы жабық режимде өтті. Сотталушының кінәсі жәбірленуші мен куәгерлердің жауабымен, сараптама қорытындыларымен дәлелденді, деді үкімді оқыған судья Нұрлан Айтбаев.

30 жастағы ер адам жәбірленушіні өлтіремін деп қорқытып, оны зорлап, денсаулығына ауыр зиян келтірген.

Сотта прокурор айыпталушыны он бес жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Ер адам кінәсін толығымен мойындаған жоқ, өз ісіне өкінетінін айтты. Өзі де, адвокаты да соттан жеңіл жаза тағайындауды өтінді.

Алайда, сот оны 15 жылға соттады. Енді ол қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеде жазасын өтейді. Сонымен қатар, ер адам өмір бойына педагогикалық және кәмелетке толмаған балалармен жұмыс істеумен байланысты қызметтерді атқару құқығынан айырылды.

Тағы оқыңыз: Сәтбаевта 5 жасар қызды зорлаған ер адам изоляторда өлі табылды

Бұдан бөлек, жәбірленушінің пайдасына моральдық залал ретінде 2 миллион теңге, ал материалдық шығын ретінде 70 мың теңгеден астам өтемақы өндірілді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

19 жастағы мұғалімнің зорлануы

Зорлау оқиғасы Павлодар облысы Аққулы ауданы Майқарағай ауылында осы жылдың 25 ақпаны күні түнде болды.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, енді ғана қызметке кірген 19 жастағы мұғалім кешке таман жұмыстарын бітіру үшін мектепке барады. Елді мекенде интернет тек сол білім ошағында ғана бар екен. Жолда оған ішінде үш ер адам отырған автокөлік кездеседі. Олардың бірі қызды көрген соң,  көліктен атып шығып, артынан жүгірген. Жәбірленушіні қараусыз қалған ғимаратқа сүйреп кіргізіп, қорлаған. Артынша ізін жасырған.

Бұл оқиға жайлы "НеМолчи.kz" қоғамдық қорының өкілдері жазды. Осыдан кейін іс қоғамда үлкен резонанс туғызды.

Екі күннен кейін күдікті көрші ауылдан ұсталды. Полициядан мәлімдегендей, ол 2017-2018 жылдары ұрлық үшін жауапқа тартылған. Қылмыстық істер сотқа жолданғанымен, кейінірек тараптардың татуласуымен тоқтатылған.

Жаңалықтар
0