НҰР-СҰЛТАН, 12 қазан – Sputnik. COVID-19 індетімен күресте көз жұмған барлық 182 медицина қызметкерінің туыстары 10 миллион теңге мөлшерінде біржолғы төлем алды, деп хабарлады еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар коронавирус инфекциясын немесе вирустық пневмонияны жұқтырған 5,3 мыңнан астам медицина қызметкеріне Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) біржолғы әлеуметтік төлем берілді.
Оқи отырыңыз: COVID-19-дан қайтыс болған дәрігерлер отбасына жәрдемақы беру тәртібі өзгереді
Төлем төленетін медицина қызметкерлерін өңірлердің және республикалық маңызы бар қалалардың денсаулық сақтау басқармалары жанындағы арнайы комиссиялар анықтайды.
Өтінімдерді денсаулық сақтау министрлігі жинақтайды, одан кейін өтінімдер электронды іс макеттерін қалыптастыру үшін "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына беріледі, содан соң төлем тағайындау үшін МӘСҚ-ға жіберіледі.
"Өңірлерге шаққанда төлемдердің ең көбі Нұр-Сұлтан (1027) және Алматы (560) қалалары және Шығыс Қазақстан (480), Атырау (465) және Қарағанды (409) облыстарында төленді", - делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, жоғарыда көрсетілген төлем:
- коронавирус инфекциясын немесе вирустық пневмония жұқтырған медицина қызметкерлеріне – 2 миллион теңге;
- COVID-19 коронавирус инфекциясын жұқтырғаннан, вирустық пневмониямен ауырып қайтыс болған жағдайда олардың отбасына – 10 миллион теңге көлемінде төленеді.