Қоғам

Елордада тағы бір мамандандырылған ХҚКО ашылды

© Photo : Правительство для гражданАвтоЦОН на вокзале "Нурлы Жол"
АвтоЦОН на вокзале Нурлы Жол - Sputnik Қазақстан
Жазылу
"Нұрлы жол" вокзалынан ашылған жаңа орталықта күніне екі мыңға жуық адамға қызмет көрсетіледі

НҰР-СҰЛТАН, 10 қазан – Sputnik. Нұр-Сұлтанда жаңа мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды. Енді көлік құралдарын қайта тіркеу немесе жүргізуші куәлігін ауыстыру үшін астаналық көлік иелері қала сыртындағы мамандандырылған ХҚКО-мен қатар, A-82 көшесінде орналасқан "Нұрлы жол" теміржол вокзалындағы бөлімге жүгіне алады, деп хабарлады "Азаматтарға арналған үкімет" корпорациясының баспасөз қызметі.

Бұған дейін барлық жүктеме елордадағы жалғыз мамандандырылған ХҚКО-ға түсетін. Ал қала тұрғындарының саны жыл сайын өсіп келеді. Бұл да халыққа қызмет көрсету орталықтарына түсетін жүктеменің артуына әсер етеді.

"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының басқарма басшысы Әсемгүл Балташеваның айтуынша, елордалық автоХҚКО-да күніне екі мыңға жуық адамға қызмет көрсетіледі.

"Көлікті сатып алушы азамат мамандандырылған бөлімге сатушымен бірге келетінін ескерсек, ХҚКО-дағы адам қарасы ешқашан азаймайды. Коронавирус пандемиясы шағында бір ғимаратта осыншама азаматты қабылдау қауіпті, сондықтан екінші мамандандырылған орталық ашу туралы шешім қабылданды", – деді Балташева.

Сондай-ақ, ол жаңа бөлімнің орналасқан жері азаматтар үшін өте ыңғайлы екенін атап өтті. Өйткені, орталық қала ішінде, сол жағалауға жақын жерде орналасқан.

Мамандандырылған ХҚКО-да автокөліктерді қайта тіркеуге арналған 23, жүргізуші куәліктерін ауыстыратын 3, сондай-ақ көтерме және жеңілдік терезелері үшін бір-бір жұмыс орны құрылған. Сонымен қатар ішкі істер министрлігінің деректер базасынан ақпараттық анықтамалар беретін терезе қарастырылған.

Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтанда ХҚКО-да жүргізуші куәліктері заңсыз берілгені анықталды

Орталық жаңа жиһаздармен және техникалармен жабдықталған. Көлік қоюға арналған тұрақтың аумағы – 70 мың шаршы метр.

Жаңа орталықтың ағашқы күнгі жұмысымен цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мен Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов және мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова танысты.

Жаңалықтар
0