Әлем

Түркия Ресейді Қап тауы аймағынан ығыстырып шығара ала ма?

© AP Photo / Armenian Defense MinistryАрмянская армия уничтожает азербайджанские танки на линии соприкосновения Нагорно-Карабахской Республики
Армянская армия уничтожает азербайджанские танки на линии соприкосновения Нагорно-Карабахской Республики - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қарабақтағы соғыс Ресейдің Қап тауы аймағындағы ықпалынан айырылуына әкелуі мүмкін бе? Бұл туралы Ресейде көп айтылып жүр, біреулер дабыл қағады, басқалары (орыс империализміне қарсы мәңгілік күрескерлер) үмітпен қарайды

Бұл жерде мынадай тұжырым алға шығуы мүмкін. Егер Ресей ұтылса, сөзсіз, Түркия ұтады. Сондықтан түріктерге бұл қақтығысқа араласуға жол берілмейтіндігін ескерте келе, Ресей қарсы тараптың бірін қолдауы керек. Әйтпесе, Ресей бәрінен айырылады – Армения ұтылады және Ресейден "көңілі қалады" (және батысқа қайта бағдар алады). Ал Әзербайжан түрік қолдауының тиімділігіне көз жеткізіп, Мәскеуге салқын қабақ таныта бастайды. Екінші жағынан, Түркия Оңтүстік Кавказдағы ең ықпалды күшке айналады және Ресейдің түрлі, ең алдымен Сирия мен Ливияға қатысты бағыттарына тоқсауыл қояды. Осыдан кейін орыс-түрік соғыстарындағы кезең қайта оралады, - деп жазады РИА Новости.

Таулы Қарабақ: қақтығыстың ушығуына қатысты әлем елдері не дейді? - Sputnik Қазақстан
Видео
Таулы Қарабақ: қақтығыстың ушығуына қатысты әлем елдері не дейді?
Алайда, бұл тұжырым тұтастай алғанда, қате және шындыққа жанаспайды. Ресей бұл мағынасыз соғыста ешкімді қолдамайды және өзінің аймақтағы ықпалын жоғалтпастан, оның тезірек аяқталуына күш салады. Бірақ біздің қоғамда байқалған қорқыныш түрік басшыларының даулы мәлімдемелеріне дем беріп отыр. Себебі, олардың ресейліктерден айырмашылығы – түріктер қақтығысқа тосқауыл қоюға шақырмақ түгілі, Бакуге жан-жақты қолдау көрсетіп, Ресейді де сөгуге тырысуы.

Ердоған енді Таулы Қарабақ қақтығысы біржолата шешілуі керек, ал ұлы державалар бұл мәселе бойынша оған кеңес бермегені жөн деуі мүмкін. Оның көзқарасы "АҚШ, Ресей және Франция бұл мәселені 30 жыл бойы шеше алмады.

"Минск үштігі" түйткіл түйінін тарқатқан жоқ. Оның үстіне, олар бұл мәселені шешпеу үшін барлық мүмкіндікті жасады. Енді олар тек ақылды кейіп танытып, ара-тұра қоқан-лоққы көрсетіп жатыр. Есептесетін уақыт келді. Әзербайжан өзі кіндігін өзі кесуі керек" деген сипатта өрілуі де ғажап емес. 

Түркияның сыртқы істер министрі Мевлүт Чавушоглу: "Біз Әзербайжанмен келіссөздер үстелінде де, ұрыс даласында да біргеміз. Бұл бос сөз емес. Әзербайжан қандай көмекке мұқтаж болса да, біз оған қолғабыс етуге дайынбыз" деп мәлімдеді. Оның үстіне қос стандартқа наразылық таныта отырып, әлемдік қауымдастыққа, ЕҚЫҰ-ға қарата: "Бүгін біз Украина мен Грузияның аумақтық тұтастығын қолдаймыз. Бұл – өте дұрыс ұстаным. Алайда, Әзербайжанға келетін болсақ, таразыға Әзербайжанға тиесілі жерді басып алған Арменияны қатар қою – бұл түбегейлі қате және әділетсіз ұстаным" дейді.

Осылайша, Түркия Ресейге оның Қырымды мойындамайтынын, өзінің Оңтүстік Осетия мен Абхазия мәселесінде Ресейді қолдамайтынын еске салғысы келетіндей. Бұған қоса, енді Мәскеудің "отқа май құюды" тоқтату туралы талабын елеп-ескермеуге тырысып отыр. Осы жерде Ердоған Путинмен арадағы әріптестік шекарасынан аттап, орыс-түрік қарым-қатынасына қауіп төндіруге бел буып отыр ма, деген сауал туындайды.

Бұл ретте 2015 жылдың қарашасында түріктер Ресейдің Су-25 ұшағын атып түсіргеннен кейін, небары тоғыз айдан кейін ғана қатқан тоң қайта жібіп, әуелгі қатынастардың қалпына келгенін мысалға келтіруге болады. Ал егер ынтымақтастыққа қайта селкеу түссе, қос тарап оған төтеп бере алмай қалуы мүмкін.

Зенитная ракетная система С-400 - Sputnik Қазақстан
Түркия С-400 кешенін не үшін таңдады
Дегенмен, барлық келеңсіздікке қарамастан, Түркия өзінің Ресеймен қарым-қатынасына сызат түсіргісі әрі Армения-Әзербайжан соғысына араласқысы келмейді деген үміт басым. Сондай-ақ, Сириядан жіберілген содырлар туралы және түріктің F-16 ұшағының армяндық Су-25 ұшағын жойғаны жөніндегі хабарламалар жалған ақпаратқа жатады. Десек те, Таулы Қарабақ мәселесіне Түркияның саяси араласуын жоққа шығара алмаймыз. Оның ауқымы кеңейіп барады. Бірақ бұл Анкараға не үшін қажет, ол нені көздеп отыр?  Түпкі ойы қандай?

Ресейді Оңтүстік Кавказдан ығыстырып шығарғысы келеді ме? Бірақ ол мүмкін емес. Кавказ бірнеше ғасыр бойы Ресей мен Түркия арасындағы бәсекелестік пен қақтығыстың аймағы болды. Соның нәтижесінде ол Ресейдің қарамағына өтті. Оның үстіне КСРО-ның құлауы Қап тауы аймағының Ресейдің ықпал ету аймағынан шығуын көрсеткен жоқ – тіпті күрделі қатынастар, содан кейін Грузиямен болған соғыс Мәскеуді аймақтағы ықпал ету пәрменінен еш айырған жоқ.

Дегенмен, Түркия да, Грузия да, Әзербайжан да тарихи тұрғыда, экономикалық және адами фактор жағынан Ресеймен тығыз байланысты. Мәселен, Ресей Федерациясымен дипломатиялық қарым-қатынасы жоқ Грузияға да Ресей қажет. Оған Ресейде тұратын грузиндерді, сондай-ақ Грузияға ірі бизнесі бар ресейлік туристердің жиі барып тұратынын, жалпы Грузияда Ресейдің пәрмені басым екенін мысалға келтіруге болады. Бұған қоса, Грузия НАТО құрамына кіргісі келеді. Алайда, Ресей аяғынан тік тұра қоймаған мемлекеттің Солтүстік Атлант альянсына кіруіне түбегейлі қарсы. Түркия Қап тауындағы ықпалын әлі де арттыра алады. Бірақ осы аймақтан Ресейді ығыстырып шығару немесе Ресейдің позицияларын әлсірету есебінен емес. Қалай десек те, Ердоған қазір Ресейдің позициясын әлсіретуге тырысып жатыр.

Ал оның Қарабақтағы қақтығысты қолдауы Қарабақ мәселесін ретке келтіру бағытында Ресейдің Түркиямен бірлесіп жұмыс істеуге келісуі үшін қажет. Чавушоглу да дәл осыны айтты: "Біздің президенттің Путинге айтар ұсыныстары болды, Лавровпен де келіссөз жүргізілді. Түркия мен Ресей Сирия мәселесіне қатысты бірлесе әрекет еткендіктен, бұл жерде де осындай қарым-қатынас орнатуға тырыстық. Бірақ оған қол жеткізе алмадық. Олар "соғыс тоқтасын", деп отыр. Жақсы, тоқтасын. Бітімгершілік жариялау қажет. Бірақ Армения басып алған аумақтан кетуі қажет", деді ол бұл турасында.

Алайда, бұл сөз іс жүзінде жүзеге асып жатыр ма? Жоқ. Онда бұл мәселе қалай шешілмек? Таулы Қарабақ мәселесі төңірегінде келіссөздердің жүргізіліп келе жатқанына отыз жылдан асты, бірақ ешқандай нәтиже байқалмайды. Яғни, келіссөздер түйткілдің шешілуіне қатысты нақты ештеңе ұсынып отырған жоқ. Ресей бұл ақпаратты өз серіктестеріне байыппен жеткізуге тырысып келеді. Бірақ оны естір құлақ табылмай тұр. Мұны тек келіссөздер үстелінде ғана айту жеткіліксіз. Сондықтан мұндай процестерді келіссөз үстелінде де, ұрыс даласында да жүргізу өте қажет.

Түркияның сыртқы істер министрлігінің басшысы өз ұстанымдарынан ешқандай қарама-қайшылықты байқағысы келмейді. Егер Ресеймен Сирияға қатысты келісімге келсе, Таулы Қарабақ төңірегінде де осындай жағдай орын алуы керек деп есептейді. Бірақ ол мүмкін емес. Ресей Сирия мәселесіне араласқанға дейін ол жерде төрт жыл бойы соғыс жүріп жатты. Ал Қарабақта ол 1994 жылы аяқталды.

Президент Франции Эммануэль Макрон - Sputnik Қазақстан
Әлем
Франция, АҚШ және Ресей Таулы Қарабақ мәселесі бойынша бастама көтереді
Ресей мен Түркияның Қарабақ мәселесінде одақтас бола алмауына дәлел бола алатын тағы бір себеп бар. Сирия Түркия үшін қандай маңызды аймақ болса, Армения мен Әзербайжан да Ресей үшін сондай маңызға ие. Десек те, Сирия мәселесінде Түркияның шешуші ықпалы болған жоқ. Жалғыз өзі ештеңе істей алмады. Азаматтық соғыс жүріп жатты, ДАИШ содырлары көбейіп кетті және оған басқа да сыртқы күштер ықпал етті, солардың бірі АҚШ болатын.

Ал Башар Асадты нығайтқан Ресеймен ынтымақтастық орнату, сайып келгенде, Түркия үшін тиімді болды. Өйткені, ол Ресеймен одақтасу арқылы өзінің Сирияның солтүстігіндегі мүддесін қорғауға тырысты. Бірақ Мәскеу Анкарамен Карабаққа қатысты не үшін ынтымақтастық орнатуы керек? Ресейді мүлдем қызықтырмайтын соғысқа араластыру үшін бе? Я болмаса, Қарабақ түйткілін келіссөз үстелінде отырып шешу үшін бе?

Алайда, Түркия Әзербайжанның "өкілі" немесе делдалы ретінде бой көрсетіп, армяндарды үркітуі мүмкін. Оның үстіне Ресей не себепті Түркияның Қарабақтағы позициясын нығайтуға көмектесуі қажет? Қазір Түркия Қап тауы аймағындағы саясатқа бір ғана жолмен – Әзербайжандағы Қарабақ түйінін күшпен үзуге шақыруын тоқтату арқылы ғана қатыса алады. Армения – Әзербайжан қақтығысы әскери қақтығыспен шешілмейді.

Ресей мен Түркия қазіргі уақытқа дейін маңызды дүниелерге қол жеткізді. Ал егер әлемдік аренада өз күштерін одан әрі үйлестіре білсе, одан да көп жетістікке жете алады. Демек, тез арада шешуді қажет етпейтін күрделі Қарабақ шиеленісі үшін орыс-түрік қатынасының барлық тетігіне нұқсан келтірудің еш пайдасы жоқ. Оның үстіне Реджеп Ердоған мұндай әрекетке бара қоймас. Ортақ стратегиялық көзқарас, ұтымды іс-қимыл және Владимир Путинмен тиімді келіссөз жүргізу – бұл Ресей мен Түркияның 17 жылдық әріптестік қарым-қатынасының басты көрсеткіштерінің бірі. Ол сөзсіз қос мемлекет ынтымақтастығының нығаюына әсер еткені анық.

Жаңалықтар
0