"Бізде С-400 жиынтығын жеткізу бойынша түбегейлі келісім бар. Технологиялар трансфері, бірлескен өндіріс пен жол картасы бойынша техникалық мәселелерді реттеу жағы ғана қалды. С-400 қолдану үшін сатып алынады", - деді Демир.
Ресей мен Түркия С-400 "Триумф" зениттік зымыран жүйесін жеткізу туралы келісімді 2017 жылы рәсімдеген болатын. Келісімшарттың жалпы құны - 2,5 млрд. доллар. Сол кезде АҚШ пен Түркияның қарым-қатынасы шиеленісіп кетті. Вашингтон Ресеймен арадағы келісімнен бас тартып, Patriot кешенін ғана сатып алуды талап етті. Санкция қолданамыз деді. Түркияны F-35 жойғыш ұшақтар бағдарламасынан шығарып тастаймыз деп қорқытты. Бірақ Анкара ол талаптарды орындаудан бас тартты. Ал 2019 жылы жазда оған С-400 зениттік зымыран кешенінің алғашқы жиынтығы – төрт дивизион жеткізілді.
Биыл 30 сәуірде Түркия президентінің ресми өкілі Ибрагим Калын коронавирус пандемиясына байланысты С-400 сатып алуды уақытша тоқтату туралы мәлімдеді. Сол кезде батыстың бақылаушылары Анкараның пандемияны сылтау етіп, Мәскеумен арадағы әскери-техникалық ынтымақтастықтан шығып кетуге тырысып жатқанын айтқан. Алайда жоспар еш өзгермеді. С-400 жүйесінің екінші жиынтығы жеткізіледі. Анкара тағы, кем дегенде, төрт дивизионды алады.
Нысанды анықтау қашықтығы - 600 шақырым, ал оны жою радиусы 400 шақырымды құрайды. "Триумф"-тың бір батареясы 72 зымыранды басқара алады және онымен 36 нысанды атқылай алады. С-400 жүйесін С-300, Панцирь-С1 мен Тор-М1 зениттік зымыран кешендеріне интеграциялауға болады.
Ал Patriot пен Eurosam-ның артықшылықтары қандай? Мәселен, қазіргі Patriot РАС-3 MSE зениттік зымыран кешенінің нысанды анықтау қашықтығы 180 шақырым болса, оны тек 33 шақырымда ғана жоя алады. Бір уақытта 8 нысанды атқылауға мүмкіндігі бар. Интервалы – 3 секунд.
Eurosam болса, Patriot-қа ұқсайды. Бірақ оған қарағанда жылдам, 10 секундта 8 зымыранды ұшыра алады. Алайда нысандарды анықтау мен жоюдың максималды қашықтығы – небәрі 100 шақырым.