НҰР-СҰЛТАН, 15 сәуір – Sputnik. Қазақстан мен Өзбекстан президенттерінің кездесуіндегі келіссөздер барысында бірқатар келісімге қол жеткізілді, деп хабарлайды Ақорда.
"Біз шағын құрамдағы кездесу кезінде сабақтастықтың сақталып, мемлекеттеріміз арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі нығайту үшін барлық күш-жігерімізді жұмсауға уағдаластық", – деді мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті қазіргі саясат екі мемлекеттің ұлттық мүддесіне толықтай сәйкес келетінін атап өтіп, келіссөздер барысында бірқатар келісімге қол жеткізілгенін айтты.
Оларды жүзеге асыру үшін үкіметаралық комиссияны үкімет басшыларының деңгейіне көтеру туралы шешім қабылданды.
"Біз Өзбекстанның дамуын зор қызығушылықпен бақылап отырамыз. Сіздер бірқатар бағыт бойынша реформа жүргізіп, соның ішінде мемлекеттік басқаруды, экономиканы либерализациялауды жетілдіріп, халықтың әл-ауқатын арттыру ісінде таңғаларлық жетістіктерге қол жеткіздіңіздер", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Шавкат Мирзиёев Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент ретіндегі алғашқы мемлекеттік сапарын Өзбекстаннан бастағанына тоқталды. Ол бұл қадамның стратегиялық әріптестікті тереңдетіп, қалыптасқан қарым-қатынастарды жалғастыруға бағытталғанын атап өтті.
"Қазақстанмен достық қарым-қатынасты, тату көршілікті нығайту – Өзбекстанның сыртқы саясатының басым бағыты. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев екеуміз екі ел арасындағы қарым-қатынастардың берік іргетасын қалап, өзара байланысты жаңа деңгейге көтере алдық", – деп түйіндеді Шавкат Мирзиёев.
Сондай-ақ, мемлекет басшылары кеңейтілген құрамдағы кездесуде екіжақты және халықаралық байланыстағы өзекті мәселелерді талқылады. БҰҰ, Ислам ынтымақтастық ұйымы және Аралды құтқару халықаралық қоры аясындағы мүдделері мен ұстанымдары сәйкес келетінін атап өтті.
Тағы оқыңыз: Тоқаев мемлекеттік сапармен Ташкентке барды
Келіссөздер барысында тараптар құқық қорғау органдары, арнайы қызмет және қорғаныс ведомстволары саласы бойынша қауіпсіздік пен тұрақтылықты, тығыз ықпалдастықты қамтамасыз ету, жолаушылар және жүк тасымалдау ісін, өзара сауда және өнеркәсіп кооперациясын жандандыру мәселелерін талқылады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевке Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сәлемін жеткізді.