Қоғам

"Өз ажалымды көрдім": атақты бизнесмен басынан кешкен тылсым оқиғаны есіне алды

© Sputnik / Владислав Воднев Айдын Рақымбаев
 Айдын Рақымбаев - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Белгілі кәсіпкер Айдын Рақымбаев өмірінде болған ерекше жайтпен бөлісті

НҰР-СҰЛТАН, 12 сәуір — Sputnik. BI Group директорлар кеңесінің төрағасы, қазақстандық белгілі кәсіпкер Айдын Рақымбаев өз ажалын өз көзімен көргенін еске алды. Ол бұл тылсым оқиға туралы Facebook желісіндегі оқырмандарымен бөліскен.

Атақты бизнесмен басынан кешкен адам сенгісіз жайт биылғы Наурыз мейрамы кезінде Дубайда болыпты.

"Балаларымды ертіп, күнге қыздырынуға барып, бассейнде ойнап жүрдік. Балалар бірінен соң бірі үстіме секіріп, оларды кезек-кезек көтеріп, суға лақтырамын деп әбден шаршадым. Сол кезде өтірік суға тұншыққан болайын деп демімді тартып, су ішінде қимылсыз қалдым. Ересектері, әрине, менің айламды түсініп қойды, ал кенже қызым қатты қорқып, құтқаруға ұмтылды", - деп еске алады Рақымбаев.

Түлектер - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Бизнесмендер ауыл оқушыларын үздік университеттерге түсуге даярлайды

Жан ұшыра құтқаруға ұмтылған бүлдіршін су астына сүңгіп, әкесінің біресе басын көтеріп, біресе қолынан тартып жанталасады, бірақ қаршадай қыздың күші жетпейді. "Әке" деп айғайласа да, кәсіпкер еш қимылдамай, қызының қылығына бақылайды. Кенет Рақымбаевқа дем жетпей қалса керек.

"Оттегі жетпей қалды ғой деймін, кенет көз алдымдағының бәрі ақырын қозғала бастады. Көрген түстей... Бассейндегі көпіршіктер, шағылысқан күн сәулесі, баяу қозғалыстар, қызым мені жан ұшыра құтқарып жатыр, мен болсам басым төмен салбырап қимылсыз күйдемін. Қызымның "Әке... Әке... Әке!" деген дауысы алыстан естіледі. Миым бір сәтке тоқтап қалды, тап бір түс көріп жатқан адамдай денемді қозғалта алмаймын, бәрін көріп тұрсам да, есімді жия алар емеспін. Бәрі тоқтап қалғандай күй кештім", - деп жазады бизнесмен.

Кенет ол өз ажалы да тура осындай болатын шығар деп топшылайды. Яғни, кенже қызы қартайған әкесінің өмірі үшін жанталаса күресіп, кәсіпкердің өзі бәрін естіп, біліп жатса да, дәрменсіз халде өмірден озады.

"Ол мен үшін кішкентай болып қала береді... Ересектер көндігіп, о дүниеге қоя берсе де, кенжем ақыры соңына дейін ажалдан құтқаруға тырысатын сияқты. Сол сәтте тұрып, терең тыныс алып, үрейі ұшқан қызымды құшақтадым. Бұл жолы ол мені құтқарып қалды...", - дейді Рақымбаев.

Кәсіпкер кеше жаназаға барып, басынан өткен осы бір жайтты қайта еске түсіріп, жадынан шығара алмаған екен.

"Барлығымызға берiлетiн аз уақыттың iшiнде үлгеретiн нәрсе көп. Осыны естен шығармас үшiн өмiр түрлi сынақ жiберуi мумкiн", - деп ойын түйіндеді Айдын Рақымбаев.

Жаңалықтар
0