НҰР-СҰЛТАН, 8 сәуір — Sputnik. Қазақстанның бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов Атырау облысының экс-әкімі Бергей Рысқалиевтың Лондон көшелерімен қыдырып жүрген видеосына қатысты түсініктеме берді.
Бұрынғы әкім Рысқалиевке жеті жыл бұрын іздеу жарияланған еді, өткен аптада ол видеоға түсіп қалған. Роликте Рысқалиев Лондон көшелерінде жайбарақат серуендеп жүр.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Бас прокурордың орынбасары айтқандай, қашқын экс-шенеуніктің видеосын қадағалау органы көрген, Рысқалиев қазір халықаралық іздеуде.
"Өкінішке орай, елімізде қылмыс жасаған бірқатар азамат қазір шетелде жүр. Құқықтық көмек көрсету – оның ішінде қылмыскерді беру және экстрадициялау туралы шарт жасаспаған елдер бар", - деп мәлімет берді Ахметжанов.
Оның айтуынша, енді қадағалау органы заң бойынша тиісті шаралар қолдануға көшеді. Тіпті экс-әкім сырттай сотталуы да мүмкін.
Бергей Рысқалиев 2006-2012 жылдары Атырау облысы басшысы қызметін атқарған. Осы уақыт аралығында, тергеу мәліметі бойынша, бірнеше мәрте заң бұзыпты. Рысқалиевке Қылмыстық кодекстің сегіз бабы бойынша айып тағылған: аса ірі көлемде мемлекет қаражатын қымқыру, алаяқтық, қылмыстық жолмен тапқан ақшаны заңдастыру, қылмыстық ұйым құрып, басқару, қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану және тағы басқа.
Кей БАҚ мәліметіне сүйенсек, Бергей Рысқалиев Ұлыбританияда саяси босқын мәртебесіне ие.