АСТАНА, 26 наурыз – Sputnik. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев пен басқа да тұлғаларға қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Ұлттық бюро таратқан хабарламаға сүйенсек, күдікті Б.С.Рысқалиев мына баптар бойынша айыпталып отыр: 16.07. 1997 жылғы редакциядағы Қылмыстық кодекстің 176 (аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқыру), 177 (аса ірі көлемде алаяқтық), 192-1 (кәсіпкерлік субъектісінің кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру ниетінсіз мемлекетке ірі залал келтірген мәміле жасасуы), 193 (қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру), 235-1 (бірнеше қылмыс жасау мақсатында қылмыстық қоғамдастық құру және оны басқару), 307 (қылмыстық қауымдастықтың мүддесі үшін қызмет өкілеттігін теріс пайдалану), 311 (аса ірі көлемде пара алу) және 325 (ресми құжаттарды қолдан жасау және дайындау).
Ұлттық бюро басқа да күдіктілер А.С. Рысқали, Р.С.Әлбақасов, М.Ж.Желдібаев, Н.К.Жұлмағамбетов, Е.Ө. Ізбасар, А.Г. Даневич, А.С. Сүлейменов пен Б.Б. Теміралиннің қандай баптар бойынша айыпталып отырғанын айтты.
ҚР қылмыстық-процестік кодексінің 206-бабы 1-тармағына сәйкес, күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулы шығарылған кезден бастап жиырма төрт сағаттан кешіктірілмей жария етіледі. Күдікті немесе оның қорғаушысы келмей қалған жағдайда, қаулы жиырма төрт сағат өткеннен кейін де жариялануы мүмкін.
Күдікті Б.С.Рысқалиев пен басқа да азаматтардың Қазақстан аумағынан тыс жерде болуына байланысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ҚР ҚПК 206-бабы 8-тармағын негізге ала отырып, бұқаралық ақпарат құралдарында күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы хабарлама жариялайды.
"Тергеу амалдарына қатысу үшін тоғыз күдікті де 31 наурызға дейін Астанадағы Ұлттық бюроның әкімшілік ғимаратына келуі керек", — делінген хабарламада.