НҰР-СҰЛТАН, 30 наурыз — Sputnik. Танымал актер Николас Кейдж үйлену тойынан кейін төрт күн өткен соң ажырасуға өтініш берді, деп жазады The Blast порталы.
Өткен сенбі 23 наурыз күні әртіс сүйіктісі – визажист Эрика Койкеге үйленген. Олар некелесу куәлігін Лас-Вегас қаласында алыпты.
Бірақ арада төрт күн өткенде актер еш себебін түсіндірместен, құжаттың күшін жоюды сұрады. Ондай мүмкіндік болмаса, Кейдж ажырасу процесін бастауға дайын екенін білдірді.
Айта кетсек, жас жұбайлар 2018 жылдың сәуірінен бастап көңіл қосқан. Койке – Кейдждің төртінші әйелі. Актер 1995 жылы әртіс Патрисия Аркетке ұсыныс жасап, алты жыл отасты. Екінші әйелі Элвис Преслидің қызы Лиза Мария болды, бірақ ерлі-зайыпты үйленгендеріне 109 күн толғанда ажырасып кетті. Содан соң Николас актриса Элис Киммен отбасын құрып, 12 жыл отасқан соң, 2016 жылы ажырасты. Олардың Кал-Эл есімді ұлы бар.
2011 жылы Кейдж Элис Кимге тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағаны үшін ұсталған болатын. Ал 2018 жылы күзде бұрынғы сүйіктісі Вики Парк мас күйінде зорламақ болды деп актерге айып тақты.