НҰР-СҰЛТАН, 30 наурыз — Sputnik. Парламент сенатының төрайымы Дариға Назарбаева сөйлеу қабілетінің кемістігі бар балалар интернатындағы дауға қатысты мәлімдеме жасады.
Кеше, 29 наурыз күні Атырау облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі интернат тәрбиешілері ұзақ уақыт бойы 98 баланы ұрып-соғып, жұмыс істеуге мәжбүрледі, деген ақпарат таратты.
Мылқау балалар бұл жағдайды ешкімге айта алмаған. Өткен жылдың желтоқсан айында қызметкерлердің қатыгездігі бейнебақылау камераларына түсіп қалды. Бұл факті бойынша Қылмыстық кодекстің 140-бабы 2-бөліміне сәйкес (кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу мiндетін тиісінше орындамау) қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер қызметтен шеттетілді.
Мүгедек балалаларға қандай жәрдемақы төленеді
Сенат спикері балаларға қатыгездік танытқандар заң бойынша қатаң жазалануы тиіс екенін мәлімдеді.
"Интернат қызметкерлерінің мүгедек балаларға аяусыздық танытқаны бізді қатты қынжылтады. Бұл мекемедегі балалардың өмірі түбегейлі өзгеруі тиіс деп есептеймін. Біз мұны қадағалайтын боламыз. Бұл жағдай әлеуметтік қызметтер жұмысының тиісті деңгейде орындалмайтынын айқын көрсетті", - деді Назарбаева.
Бұл елімізде балаларға қатыгездік танытудың алғашқы оқиғасы емес. Былтыр Талғар интернатындағы балаларды тәрбиелеу әдісі қазақстандықтардың ызасын туғызған болатын. Тәрбиеші мүгедек баланы жаялықпен буындырып өлтірді. Ол 15 жылға бас бостандығынан айырылды.