АСТАНА, 23 маусым – Sputnik. Алматы облысында 8 жасар баланы азаптап өлтірді делінген келіншекке үкім шықты. Сот тәрбиешіні кінәлі деп тауып, оны 15 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды КТК.
Атышулы істі бір айға жуық қараған судья соңғы отырысты ұзаққа созбады. Бөлмеге кірген бойда бірден үкімді оқыды:
"Жалымова Мейіргүл ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 25-бөлігі 13,14-тармақтарымен кінәлі деп танылып, 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылсын. Жаза қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтелсін.
Кінәсі дәлелденген тәрбиеші одан бөлек баланың ата-анасына 3 миллион теңге өтемақы төлеуі тиіс. Ол үшін судья келіншектің туыстарына 2 ай уақыт берді. Кері жағдайда, мәжбүрлі түрде бүкіл мүлкі саудаға шығарылады деді. Негізі сұралған өтемақы бұдан он есе көп болатын. Алайда, әйел 30 миллионды төлей алмайтын боп шықты. Әрі, оның да өсіп келе жатқан 3 баласы бары ескерілді. Десе де, соманың қысқарғанынан сотталушының қайғысы азая қойған жоқ. Сот залынан бірден колонияға баратынын естіген бойда жылап қоя берді.
"Мен қылмыскер емеспін, мама! Мама, мен қылмыскер емеспін!"
Мүгедек баланы өлтірген әйел жазасын жалпы режимдегі колонияда өтейтін болды. Жәбірленуші тарапқа бұл үкім жаққан. Алайда, қос ананың көз жасы бұл ананы да жылатты.
"Әрине, аянышты, үш баласы бар. Оларға қарап өзімнің де жүрегім ауырып тұр. Не айтарымды білмей тұрмын", дейді көз жұмған баланың анасы Зарина Құттықожаева.
Талғардағы сот залында интернатта болған сұмдық оқиға экранда көрсетілді>>
Алайда, атышулы іс жылап-сықтаумен бітпек емес. Іс біткенде барып, сіңілісіне араша түскен Жалымованың туған әпкесі енді интернаттағыларды сотқа беретінін айтты. Айтуынша, мүгедек балаларға жасайтын түрлі әрекеттерін жасырып қалу мақсатында бәрі де ауызбастырық ұсыныпты.
"Әріптестерінің барлығы бастығынан қорқады. Аузын жауып тастаған бастықтары. Оларды түсінемін, жұмысымыздан айырылып қаламыз деп отыр ғой. Бәрі келісіп алған. Жиналыс ашқан. Балаларды байлайтынын бәрі біледі. Бәрі жауапқа тартылсын. Біз қайтадан шағымданамыз", дейді Дариға Зәкірова.
Үкіммен келіспеген тарап апелляцияға жүгінді. Әрі мүгедек балаларға арналған интернатқа қарсы істі бастауға кірісіп те кетті.
Талғарда мүгедек баланы өлтірген тəрбиеші түсіністік танытуды өтінді>>
Шымкентте бір отбасыны қырып салған қанішер баланы да аямаған>>
Қарағанды облысында немересін өлтірген адамның баланы әбден қинағаны белгілі болды>>