НҰР-СҰЛТАН, 29 наурыз — Sputnik. 27 наурыз күні Қызылорда облысында апатқа ұшыраған Ми-8 тікұшағында болғандардың бірі — 37 жастағы талдықорғандық кіші сержант Асхат Абдулманат. 15 жыл отасқан жұбайы пен туғандары қазір қайғыдан қан жұтып, әлі де ес жия алмай отыр.
"Міне ұшып келе жатырмыз деп видеосын жіберген. Содан кейін хабарласпай қойды, "звондасақ" алмайды. Әскери адамдар кешкі сағат 11-де келіп хабарлап кетті. Баламның өліп қалғанына сенбеймін әлі, сенбеймін. 1 қаңтардан бастап Ақтауға ауыстырды деп кеткен. Содан, міне, екі-ақ айдың ішінде арманы мен мақсатына жете алмай кетті ғой, құлыным. Қайтем енді?!", — дейді қан жұтқан ана Сақыш Баймурзина (марқұм Асхат Абдулманаттың анасы).
Естеріңізге сала кетейік, Ақтаудан Шымкентке аттанған Қорғаныс министрлігіне қарасты МИ-8 тікұшағы Қызылорда облысында апатқа ұшырап, 13 адам қаза тапты. Шейіт болғандардың 12-сі Ақтаудағы 30153 әскери бөлімінде қызмет кеткен.