Қоғам

"Қолдан келгеннің бәрін жасады": Ғарышкер апаттан қаза болғандардың отбасына көңіл айтты

© Sputnik / Владимир Астапкович / Медиабанкке өту Ми-8 тікұшағы
 Ми-8 тікұшағы - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Сенатордың айтуынша, Ми-8 әскери тікұшағы Байқоңырдан ұшып шыққаннан кейін бірнеше минуттан соң радардан жоғалып кеткен

НҰР-СҰЛТАН, 28 наурыз – Sputnik. Қазақ ғарышкері, сенат депутаты Талғат Мұсабаев қаза тапқан әскерилердің отбасы мен жақындарына көңіл айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Ең алдымен, қаза тапқандардың отбасы мен жақындарына көңіл айтамын. Тікұшақ Ақтау гарнизонының 30153 әскери бөлімшесіне тиесілі болған", - деді Мұсабаев сенат кулуарында.

Сенатордың айтуынша, тікұшақ арнайы оқу-жаттығу аясында Ақтаудан Бейнеуге, одан кейін Байқоңырға қонып, ары қарай Шымкентке бара жатқан. Алайда Байқоңырдан ұшып шыққаннан кейін бірнеше минуттан соң әуе кемесі радардан жоғалып кеткен. Кейінірек тікұшақтың құлап, толығымен жанып кеткені белгілі болды.

 Скол әуе компаниясының Ми-8 тікұшағының апаты - Sputnik Қазақстан
Оқиға
"Құл-Мұхаммед пен Тұрлыханов та құлап еді" - Қазақстанда болған тікұшақтар апаты
"Ауа райы жаман болды. Түнгі уақытта мұндай метеоролгиялық жағдайда ұшу оңай емес. Көп жылдар әуеге көтерілген ұшқыш ретінде айтып отырмын. Экипаж қолдан келгеннің бәрін жасады, бірақ техниканың аты техника. Авиация күрделі көліктердің бірі, салдары ауыр әрі бәрі экипажға байланысты бола бермейді", - деді қазақ ғарышкері.

Ол әдетте тікұшақтардың бір құраммен ұшуы экипаждарға көмек болатынын атап өтті. Себебі, экипаждар бір-бірін белгілі бір елді мекеннің ерекшеліктерінен хабардар ете алады.

Сонымен қатар, Мұсабаев апатқа қатысты қылмыстық істің "Ұшу ережелерін бұзу" бабы бойынша қозғалуын "қалыпты практика" деп атады.

"Әуе кемелері құлаған кезде, дәл осы баппен қылмыстық іс қозғалады. Осы істің аясында мамандар тергеу жүргізіп, арнайы комиссия жұмыс істейді", - деді сенатор.

Мұсабаев Ми-8 тікұшақтары өте сенімді, Кеңес заманынан бері шығарылатынын айтты. Мұндай типті тікұшақтарға балама болса да, бұл әлемдегі ең үздік тікұшақтардың бірі екенін атап өтті.

МИ-8 - Sputnik Қазақстан
Оқиға
Қорғаныс министрлігі тікұшақ апатына байланысты мәлімдеме жасады
"Бірақ, бұл апатқа ұшыраған тікұшақтың баяғыда шығарылғанын білдірмейді. Бұл жаңа тікұшақтардың бірі, барлық регламент жұмыстарынан өткен, ұшу жарамдылығына сәйкес болған", - деді депутат.

Сенат депутаты Ми-8 типті тікұшақтарда қара жәшік болатынын айтты.

Еске сала кетсек, кеше кешке Қызылорда облысы Жалағаш ауданында Ми-8 тікұшағы апатқа ұшырады. Әуе кемесі белгісіз себептермен құлап, түгі қалмай жанып кеткен. Әскери тікұшақтың бортында 13 адам болды, олардың барлығы қаза тапты.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқандардың отбасына көңіл айтты.

Жаңалықтар
0