АЛМАТЫ, 28 наурыз – Sputnik. Кеше Қызылорда облысы Жалағаш ауданында МИ-8 тікұшағы құлап, оның ішіндегі оқу-жаттығуға аттанып бара жатқан әскерилердің барлығы көз жұмды.
Өкінішке қарай, мұндай қайғылы оқиға Қазақстанда аракідік орын алып жатады. Sputnik Қазақстан соның бір парасын еске түсіріп, назарларыңызға ұсынады.
Осы 2001 жылы тағы да Леңгір қаласында "Ми-8 МТ" тікұшағы құлап, бір адам қаза болған. Техника жекеменшік болғандықтан, бұл мәлімет БАҚ беттерінде кеңейтіліп айтылмады.
2008 жылы ақпан айында Қызылорда облысында төтенше жағдайлар министрлігінің тікұшағы құлады. Ол кезде өңірдегі су тасқынының алдын алу үшін 15 адам көкке көтерілген. Оның ішінде сол кездегі облыс әкімі Мұхтар Құл-Мұхаммед, журналистер, шенеуніктер болған. Бес адам қаза тапқан еді ол апаттан.
2009 жылы Алматы облысында қорғаныс министрлігінің Ми-24 тікұшағы құлады. Абырой болғанда, экипаждың үш мүшесі аман, бірақ ауыр жарақат алған болатын.
2009 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында ҰҚК шекара қызметінің Ми-8 тікұшағы құлады. Тікұшақ шекара бұзған адамдарды ұстауға шыққан. Бұл апаттан 10 адам қаза тауып, үш адам жараланды
2012 жылы тамыздың 22-сі күні Астана әуежайында Ми-17 тікұшағы құлады. Төрт адамнан тұратын әскери экипаж жаттығу үшін ұшқан. Құлаған әуе көлігі бөлшектеніп, өртеніп кетті. Экипаж апат орнында қаза тапты.
2012 жылы қарашаның 29-ы күні Алматы облысында жоғалып кеткен Ми-8 тікұшағының қалдығы табылды. Тікұшақтың "Евро-Азия Эйр" компаниясына тиесілі екені анықталды. Әуе көлігі Атасу-Алашаңқай мұнай құбырын бақылау үшін ұшып шығып, қарашаның 24-і күні Қытай шекарасына таяу, Көктұма және Достық елді мекендерінің арасында жоғалды. Борттағы сегіз адам түгел опат болды.
2012 жылы желтоқсанның 25-і күні ҰҚК шекара қызметіне тиесілі Ан-72 әскери-жүк ұшағы Шымкент қаласының маңында апатқа ұшырады. Шекара қызметінің бастығы Тұрғанбек Стамбеков жұбайымен, өңірлік басқарма бастықтары, жалпы саны 27 адам ажал құшты. Шекарашылар Астанада құпия жиын өткізіп, оны Шымкентте жалғастырмақ болып бәрі бір ұшаққа отырған.
Тағы оқыңыз: Ішінде 157 адам болған ұшақ апатқа ұшырады
2017 жылы Аягөзде тікұшақ құлап, ішіндегі екі адамның бірі мерт болған. Кейіннен бортта Қайрат Тұрлыханов пен Айтқали Айтбаевтың болғаны белгілі болды.
2019 жылдың қаңтарында Алматы қаласында жекеменшік тікұшақтың құлауы салдарынан ұшқыш қаза тапты.