НҰР-СҰЛТАН, 27 наурыз – Sputnik, Дәурен Ерболат. Нұр-Сұлтан қаласындағы екі адамның өмірін қиған қайғылы оқиға жұртты есеңгіретіп тастады. Жолаушы мен автобус жүргізушісі қаза болған жантүршігерлік апаттың себебі әзірге белгісіз. Осы орайда Sputnik Қазақстан тілшісі қоғамдық көлік жүргізушісі жұмыс істеген №1 автобус паркіне барып, оның әріптестерімен тілдесіп қайтты. Олар Абай Оспановтың қандай адам болғанын айтып, жол апатының себебі туралы өз болжамдарымен бөлісті.
Жол апатынан қаза тапқан жүргізуші №1 автобус паркіндегі қала сыртына қатынайтын №303 бағдарында жұмыс істеген.
"Қаза тапқан жүргізуші бірінші автопаркте жұмыс істеген. Оның маршруты қала сыртына қатынайтын болған соң, ол "Шанхай" базарынан желіге шығады. Осы автопаркте заңды түрде қызмет еткен", - деді "Астана LRT" компаниясының баспасөз хатшысы Науат Азанбаев.
Қоғамдық көліктер автопарктен таңғы сағат 5:00 шамасында бағдарға шығады.
Таңертең автобус жүргізушілері міндетті түрде медициналық тексерістен өтеді.
Олар қоғамдық көлікке отырмас бұрын міндетті түрде дәрігерлердің бақылауынан өтуі тиіс. Бірінші, қан қысымын тексертеді, екіншіден, қандағы ішімдік мөлшерін анықтау үшін алкотестерден өтеді.
"Егер жүргізушінің қан қысымы 150-ден жоғары болса, бұл денсаулыққа өте қауіпті. Сондықтан ол жұмысқа жіберілмейді. Ал 120/130 - жақсы көрсеткіш. Күніне бірнеше жүргізушінің қан қысымы жоғары болады. Олар автобусқа отыра алмайды және желіге шықпайды", - деді ол.
Автобус жүргізуші медициналық сынақтан өткен соң, оның көлігін техникалық бөлім қызметкерлері тексерістен өткізеді екен.
"Парктен шықпас бұрын қоғамдық көліктерді міндетті түрде тексереміз. Егер ақау табылса, жолаушыларға қызмет көрсетуге жіберілмейді. Автобусты жөндеуге жібереміз. Сондай-ақ, жүргізушілер медициналық тексерістен өтпесе, жұмысқа шыға алмайды", - дейді №1 автобус паркінің қызметкері Хасен Мұхамеджанов.
Медициналық және техникалық сынақтан сүрінбей өткен жүргізуші елордалық жолаушыларға қызмет көрсетуге кіріседі.
Сонымен қатар, жол апатынан қаза тапқан жүргізушінің әріптестері қайғылы оқиғаға қатысты пікір білдірді.
№1 автобус паркінің 61-ші бағытының жүргізушісі Нұржан Тұрлыбай жол апатына жүргізушінің денсаулығы себеп болды деп пайымдайды.
"Видеоны көрдік. Автобустың тежегіші дұрыс істемей қалды деп айта алмаймын. Тіпті, тежегіш істемей қалған күннің өзінде автобус жүргізушісі жанын аман сақтап қалу үшін көлікті оңға немеске солға бұрушы еді. Адамдар барлығын көріп тұрды ғой. Менің ойымша, автобус жүргізушісіне бірдеңе болған. Жайдан жай, жоғары жылдамдықпен автобусқа соғылмайды ғой", - деді ол.
Бұдан бөлек, автобус паркінің қызметкері жүргізушілердің жалақысы көтерілгенін айтады.
"Жұмысқа таңғы 4:30-да тұрамын. Бізді автопаркке қызметтік көлік алып келеді. Таңғы 6-дан түнгі 11-ге дейін маршрутта жұмыс істейміз. Осы жұмыста жүргеніме 10 жыл болды. Сондықтан организм үйренген. Мұндағы жүргізушілердің жалақысы 250 мың теңге", - деді Нұржан Тұрлыбай.
Қаладағы №36 бағдарда жұмыс істейтін автобус жүргізушісі Қаһарман Иманбаев қаза тапқан жүргізушінің өте тәжірибелі екенін атап өтті.
"Әлеуметтік желідегі видеоны көрдім. Автобуста техникалық ақау болуы мүмкін емес. Себебі, оны мамандар парктен тексеріп шығарады. Менің ойымша, жүргізушінің жүрегі тоқтап қалды ма, әйтеуір бірнәрсенің денсаулығына әсер еткені анық. Әйтпесе, кәсіби деңгейі жоғары, тәжірибесі мол жүргізуші ғой. Ол мұндайға жол бермес еді. Жолдағы жағдайды алдын ала біліп отырады ғой", - дейді №1 автобус паркінің қызметкері.
Сонымен қатар ол "автобус жүргізушілері ұйқысы қанбай жұмысқа шығады" дегенге өз пікірін білдірді.
"Бүгін таңғы 5-те тұрдым, кешкі 9:30-ға дейін автобус жүргіземін. Жанымда көмекшім болса, жұмыс ауыр емес. Бірақ ол болмаған кезде 2-3 күн жұмыс істеймін. Автобус жүргізгеніме 10 жыл болды. Егер шаршайтын болсам, басшылықтан демалыс сұраймын. Бүгін 6 сағат ұйықтадым", - дейді Қаһарман Иманбаев.
Бірінші автобус паркінің №18 бағдар жүргізушісі Жолданғар Мағзұмов жолда өте сабырлы болу қажет екенін айтты. Автобус жүргізгеніне 18 жыл болған жүргізушінің пікірінше, бұл жол апатының алдын алуға септігін тигізеді.
"Біздің жұмыста өте сабырлы болу керек, әрі ештеңеге ренжімеген абзал. Сондай-ақ денсаулығыңды да күтіп жүрген жөн. Қайғылы оқиғаның видеосын барлығы көрді. Жол апатының неден болғанын бір Алла біледі", - деп түйіндеді сөзін тәжірибелі жүргізуші.
"Астана LRT" компаниясының мәліметіне сәйкес, қалада бүгінде 8 автобус паркі бар екен. Онда жалпы 1694 автобус жүргізушісі жұмыс істейді.
Айта кетсек, кеше Нұр-Сұлтан қаласында 3 автобус, жедел жәрдем көлігі және жеңіл көлік жантүршігерлік апатқа ұшырады. Салдарынан 53 жастағы автобус жүргізушісі мен 26 жастағы жолаушы қыз қаза тауып, 27 адам зардап шекті.