НҰР-СҰЛТАН, 26 наурыз — Sputnik. Нұр-Сұлтан қаласының Ұлы дала көшесі мен Қабанбай батыр даңғылы қиылысындағы жол апатына себепкер болып, қаза тапқан автобус жүргізушісі мас болмаған, жолға шығар алдында дені сау болатын, деп хабарлады "Астана LRT" АҚ баспасөз қызметі.
"Расталған деректерге сүйенсек, 1966 жылы туған автобус жүргізушісі жол апаты кезінде мас болмаған, қоғамдық көлікті айдап келе жатып ұялы телефон пайдаланбаған. Желіге шығар алдында жүргізушінің жағдайы қанағаттандырарлық еді (қан қысымы 110/70), ол медициналық тексеруден өткеннен соң ғана көлікті жүргізуге рұқсат алды", - деп хабарлады "Астана LRT" баспасөз хатшысы Науат Азанбаева.
Оның айтуынша, автобустан ешқандай ақау анықталмаған, техникалық талаптарға сай болатын.
Еске сала кетсек, бүгін Нұр-Сұлтан қаласында үш автобус, жедел жәрдем көлігі және жеңіл көлік жантүршігерлік апатқа ұшырады. Оқиға салдарынан 53 жастағы автобус жүргізушісі мен 26 жастағы жолаушы қыз қаза тапқан. Тағы 27 жолаушы зардап шекті.