АСТАНА, 22 наурыз – Sputnik. Шет мемлекеттер басшылары мен халықаралық ұйымдардың жетекшілері Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасының президенті лауазымына кірісуімен құттықтады, деп хабарлайды Ақорда.
"Біз Қазақстан мен Ресейдің барлық саладағы сындарлы ынтымақтастығын одан әрі ілгерілетуді, сондай-ақ күн тәртібіндегі халықаралық өзекті мәселелерді шешу жолында өзара ықпалдастықты бірлесе қамтамасыз етеміз деп сенемін. Мұның бауырлас халықтардың мүдделеріне сай келетіні, өңірлік тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуды көздейтіні сөзсіз", – делінген жеделхатта.
Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин Қазақстан мен Қытайдың тату көрші әрі жан-жақты стратегиялық серіктес екеніне тоқталып, екі елдің күш жұмылдыруының арқасында қарым-қатынастарымыз жоғары деңгейге көтерілгенін атап өткен.
"Біз Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев екеуіміз берік достық қатынастар орнаттық. Сондай-ақ, Сізбен бірге де екі мемлекеттің және халқымыздың игілігі үшін Қазақстан мен Қытай арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестік қатынастарды нығайта түсеміз деп сенемін. Достас Қазақстанның қуаты артып, өркендей беруіне ниеттестік білдіремін, сонымен қатар халқыңызға бақ-береке мен амандық тілеймін", – делінген құттықтау хатта.
Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан президенттері не дейді
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеёв өзбек және қазақ халықтарын достық пен тату көршіліктің сан ғасырлық арқауы байланыстыратынын жеткізген. Сондай-ақ, хатта тығыз ықпалдастық пен өзара сенімнің мол тәжірибесі екі жақты қарым-қатынасты стратегиялық серіктестіктің жаңа сапалы деңгейіне шығаруға мүмкіндік бергені айтылған.
Тағы оқыңыз: Президенттікке дейін: Тоқаевтың елді елең еткізген мәлімдемелері
"Біз бірлесе күш жұмылдырудың арқасында өңірдегі қауіпсіздікті, тұрақтылық пен орнықты даму үдерісін қамтамасыз ету үшін елдеріміз бен халықтарымыз арасындағы көп жақты ынтымақтастықтың зор әлеуетін толық пайдалана отырып, қол жеткізілген уағдаластықтарды дәйекті түрде жүзеге асыра беретінімізге кәміл сенемін", – делінген жеделхатта.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның жеделхатында Тәжікстан мен Қазақстанның стратегиялық серіктестікке негізделген бүкіл қатынастары достас халықтардың игілігі жолында нығая түсетініне сенім білдірілген.
Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов өзінің құттықтау жеделхатында Түрікменстанда Қазақстанмен арадағы достық, өзара құрмет пен көмек қағидаттары негізінде қалыптасқан қатынастар жоғары бағаланатынын атап өткен.
Тағы оқыңыз: Тоқаев қандай саясат жүргізетінін мәлімдеді
"Түрікменстан мен Қазақстан арасындағы қатынастар алдағы уақытта да бауырлас халықтарымыздың игілігі үшін қарқынды дамып, өзара тиімді ынтымақтастық рухында нығая береді деп сенемін", – делінген жеделхатта.
Басқа елдер көшбасшыларының құттықтауы
Сингапур президенті Халима Якоб екі мемлекет арасында халықтарымыздың әл-ауқатын арттыру және елдерімізді дамыту үшін ортақ мақсаттарға негізделген екі жақты достық қатынастар қалыптасқанын атап өткен.
Тағы оқыңыз: Қасым-Жомарт Тоқаев туралы не білеміз?
Молдова президенті Игорь Додон Қасым-Жомарт Тоқаевтың жоғары мемлекеттік лауазымдағы қызметі Қазақстанды одан әрі өркендетуге және Молдова мен Қазақстанның достық байланыстарын дамытуға бағытталатынына сенім білдірген.
Сербия президенті Александр Вучич Сербия мен Қазақстанның арасындағы шынайы достық пен құрметке негізделген қатынастар өткен кезеңде мүлдем жаңа деңгейге көтерілгенін атап өткен.
Халықаралық ұйымдар
ТМД Атқарушы комитетінің төрағасы – атқарушы хатшы Сергей Лебедев Қазақстанда Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен мықты және өркендеген мемлекет құру, оның халықаралық аренадағы орнын нығайту ісі жалғаса беретініне, ал Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерімен өзара тиімді серіктестік жаңа әрі зор серпін алатынына сенім білдірген.
Тағы оқыңыз: Бекболат Тілеухан Назарбаевтың кеткенін естігенде көзіне жас алды
Шанхай ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы Владимир Норов Қазақстанның беделді әрі әділетті пікіріне өңірде де, әлемде де құлақ асып, құрметпен қарайтынын атап өтті.
"Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бішкек қаласында Сіздің қатысуыңызбен өтетін алдағы саммиті "Шанхай рухы" атты жасампаздық қағидатына сүйене отырып, өңірлік және жаһандық қауіпсіздік мәселелерін жүзеге асыру үшін бірлескен күш-жігерді жандандыра түсуге мүмкіндік береді деп сенемін", – делінген жеделхатта.
БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің бас директоры Михаэль Меллер өзінің хатында Қазақстан президентінің мемлекеттік қызметтегі және БҰҰ аясындағы тәжірибесін атап өткен. Мұның Қазақстан үшін бірегей басымдық екені және оның Орталық Азиядағы интеграциялық және ынтымақтастық үдерістерде жетекші рөл атқаруға септігі тиетіні айтылған.
Еуразия экономикалық комиссиясы алқасының төрағасы Тигран Саркисян Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан президенті лауазымындағы қызметі Еуразия экономикалық одағындағы интеграциялық үдерістерді жан-жақты дамытуға және оның халықтарының бақ-берекесін арттыруға бағытталатынына сенім білдірген.