АСТАНА, 22 наурыз – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтады, деп хабарлайды Ақорда.
"Оның философиялық мәні зор және бүкіләлемдік мәдени сипаты бар. Көне заманнан бастау алатын осынау мейрам жаңару мен жаңа өмірдің басталу сәтін сипаттайды. Наурыз – рухани бай мұрамыздың, бірегей ұлттық кодымыз бен үздіксіз ұрпақ сабақтастығының жарқын символы. Бұл мереке өмірімізге жасампаздық пен дамудың жаңа лебін әкеледі", - делінген құттықтауда.
Тоқаев Наурыз – ортақ шаңырағымыз – Қазақстан Республикасындағы достықты, өзара құрмет пен келісімді нығайтуға септігін тигізетін шын мәніндегі жалпыхалықтық мейрам екенін айтты.
Тағы оқыңыз: Биылғы Наурыз ерекше: Нұрсұлтандықтар мейрамды қалай тойлап жатыр?
"Оның мәңгілік мәні – ең жоғары құндылығымыз бен ортақ байлығымызды – халықтың ынтымағын бекемдеу. "Бірлік бар жерде, тірлік бар" дейді халық даналығы. Әз-Наурыз әр отбасына бақ-береке әкелсін!", - деп ізгі тілегін білдірген мемлекет басшысы.