АЛМАТЫ, 20 наурыз – Sputnik, Кәмшат Сатиева. Мұхиттың арғы жағында тұрып жатқан саясаттанушы Уәлихан Төлешов Sputnik Қазақстанға берген сұқбатында президенттік өкілеттігін тоқтатқан Елбасы Қазақстанды ары қарай басқара беретінін айтты.
"Өткен жылы жазда заң қабылданды. Қауіпсіздік кеңесі туралы заң. Оның төрағасы болып Нұрсұлтан Назарбаев сайланған болатын. Онда да өмір бақилыққа. Ал конституциялық орган болып табылатын бұл кеңес биліктің барлық тармағын бақылап, жөнге келтіріп отырады. Оның сондай құзіреті бар. Демек осыған дейін Қазақстанды Назарбаев басқарса, енді Назарбаев ұжымы басқарады",- дейді саясаттанушы.
Ол бұл жайттың саяси жүйеге елеулі өзгерістер әкеле қоймайды деп болжайды.
"Заң бойынша президент өкілеттігін тоқтатса, сенат басшысы бұл істі өз қолына алады. Тоқаевтың уақытша президент міндетін атқаруы, осы жағынан алғанда, заңды. Мұндайды, мысалы Иран тәжірибесінен байқауға болады. Онда президент емес, рухани көшбасшы бәрін басқарады. Сол секілді біздегі биліктің тізгіні енді президентте емес, ұлт көшбасшысында болады", - дейді ол.
Ал қазір босап қалған президент креслосынан саясаттанушы Дариға Назарбаеваны көретінін айтады.
Айта кетсек, Қауіпсіздік кеңесі 1991 жылы ел тағдырына байланысты маңызды мәселелер шешілетін консультативті-кеңесші орган болып құрылған. Ол 1993 жылы ҚР Қауіпсіздік кеңесі болып қайта құрылды. Ал 2018 жылы 31 мамырда қабылданған заңға сәйкес, Қауіпсіздік кеңесінің мәртебесі қайта қаралып, ол консультативті-кеңесші органнан конституциялық органға айналды. Оның өмірбақи төрағасы болып Нұрсұлтан Назарбаев бекітілген.