АСТАНА, 23 шілде – Sputnik. Ел тізгінін ұстаған Нұрсұлтан Назарбаевтың жиендері кімдер деген сұрақ көпшілікті мазалайтыны жасырын емес. Президенттің үш қызынан туған тоғыз жиені туралы Sputnik Қазақстан материалынан оқыңыздар.
Назарбаевтың тұңғыш жиені – Нұрәлі Әлиев
Нұрсұлтан Назарбаевтың тұңғыш қызы Дариға Назарбаева мен Рахат Әлиевтің баласы. 1985 жылдың 1 қаңтарында Алматыда дүниеге келген. Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетін тәмамдаған. Америка мен Австрия елдерінде білім алды. Президенттің жиені және сенатордың ұлы 14 жыл бойы жоғары қызметтерді атқарып келеді. Hit TV телеарнасын басқарды, "Нұрбанк" директорлар кеңесінің төрағасы, Қазақстан даму банкінің басқарушы директоры болды.
2014 жылдың желтоқсанында Астана әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Екі жылдан кейін, 2016 жылдың наурызында "бизнес-ортада сүйікті ісіммен айналысамын" деп бұл қызметтен кетті.
Forbes Kazakhstan жасаған "Қазақстанның 50 бай бизнесмені – 2018" рейтингінде Әлиев 219 млн доллар дәулетімен 28-орында тұр.
Бүгінде 33 жастағы Нұрәлі – танымал бизнесмен, экономист, меценат. "Capital Holding" ЖШС инвестициялық холдингінің қожайыны, холдинг портфелінде 13 отандық компания бар.
Тағы оқыңыз: Рахат Әлиевтің өлімі туралы жаңа деректер шықты
Бизнестен бөлек, Нұрәлі Рахатұлы қайырымдылықпен белсенді айналысады. Zhanartu қорының негізін қалаған, "Дом мамы" жобасының қатысушысы, "Ана үйі" қоры қамқорлық кеңесінің мүшесі.
Нұрәлі Әлиев – Орталық сайлау комиссиясының төрағасы, бұрынғы әділет министрі Берік Имашевтің күйеу баласы. Жары Аида Имашевамен бірінші сыныптан бері таныс екен. 18 жасында отбасын құрған. Жоғарыда айтқан "Zhanartu" қорын жұбайы Аидамен бірге құрған.
Бүгінде Нұрәлі – көп балалы әке, екі қыз (Алан мен Әнуар) және екі ұл (Лаура мен Амира) тәрбиелеп отыр.
Бос уақытында футбол, хоккей, бокс және тенниспен айналысады.
"Президенттің сүйікті жиені"
Айсұлтан Назарбаев – Дариға Назарбаева мен Рахат Әлиевтің екінші ұлы. Оны бұқаралық ақпарат құралдары көбінесе "президенттің сүйікті жиені" деп атайды.
1990 жылы 26 тамызда өмірге келген. Австрияда орналасқан Америка халықаралық мектебінің түлегі, бұған дейін БАҚ жазғандай, оқу кезінде Айсұлтан тек мектепте алған стипендиясына ғана өмір сүрген. Осылайша ол ақшаның қадірін түсініп, үнемдеуді үйреніпті.
Тағы оқыңыз: Айсұлтан Назарбаев қандай қызметке тағайындалды?
Британияның корольдік "Сандхерст" әскери академиясын бітіргеннен кейін, Отарға әскери борышын өтеуге аттанады. ҚР қорғаныс министрлігі бас барлау басқармасының штатында болып, аға лейтенант атағын алды.
Бала кезден футбол ойнайды. 2006 жылы Қазақстанның жасөспірімдер құрамасының сапында Еуропа чемпинатының іріктеу турниріне қатысады.
"Челси" және "Портсмут" жастар командалары мен қазақстандық "Астана" командасында ойнаған.
2017 жылдың ақпанында Айсұлтан Назарбаев "Қазақстан футбол федерациясы қауымдастығының" вице-президенті болып тағайындалды. Бірақ көп ұзамай президенттің жиені өтініш жазып, жылы орнын босатты.
2013 жылдың 31 тамызында "ҚазРомГаз" АҚ басшысы Қайрат Боранбаевтың қызына үйленеді. Айсұлтанның жары Алима – белгілі актер Әнуар Боранбаевтың немересі.
2016 жылдың жазында екі жастың отбасында Амели есімді қыз дүниеге келді.
"Алланың қалауымен мен Ұлт көшбасшысының отбасында өмірге келдім. Сондықтан менің басты қызметім – президенттің немересі екендігімде. Тәулігіне 24 сағат бойы мен осы қызметтемін", — деген еді Айсұлтан сұқбаттарының бірінде.
Назарбаевтың басқа жиендеріне қарағанда, Айсұлтанның есімі БАҚ беттерінде жиі аталады.
Өткен жылы Назарбаевтың жиені жан күйзелісінен арылу үшін бір жылдары есірткі қолданғанын айтып, елді елең еткізген еді.
"Атам – академик Мұхтар Әлиев қайтыс болғаннан кейін, арада бір жарым ай өткенде, австриялық түрмеде әкем Рахат Әлиев өз-өзіне қол салды. Өмір маған алғаш рет екі бірдей соққы жасады. Жұрттың бәрі бақытқа бөленіп, шалқып өмір сүреді деп айтатын Айсұлтан әлемдегі ең бақытсыз жанға айналды", — деп жазған еді ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
Ол қиын сәтте оған атасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көмегі көп тигенін атап өтті.
"Президент күндіз 17 миллион адамның мәселесін шешсе, кешке бар уақытын маған бөлді. Ол кезде бар назарын маған салу үшін атам қаншалықты күш-жігер, денсаулығын жұмсағанын түсінбеп едім. Сондықтан өмірдегі ең сорақы әлсіздікке бой алдырдым. Жұбанышты есірткіден іздедім",- деп ағынан жарылған еді Айсұлтан.
Тағы оқыңыз: Назарбаевтың мұрагері кім?
Шайжүнісовтер әулетіне келін болып түскен Венера
Венера Назарбаева – Дариға Назарбаева мен Рахат Әлиевтің кіші қызы.
2000 жылдың 5 мамырында дүниеге келген.
"Огонек" журналына берген сұқбатында анасы Венераның Вена қаласында туғанын айтқан болатын.
"Жұма күні босандым, итальян тілінде жұма "венерди" деп айтылады. Оған қоса, сол күні 2000 жылы 5 мамырда ғаламшарлар шеруі болды. Қызымның жұлдызы Торпақты Венера планетасы жебейді. Сол себепті осы ат ең лайықты деп таңдап қойдым", —деген еді Дариға Назарбаева.
18 жастағы Венера – шығармашылық адамы. "Алма-Ата – алғашқы махаббатым" атты ретро-фестивальде, концерттерде ән шырқаған. Қазақстан мен Германия бірлесіп түсірген режиссер Файт Хельмердің "Байқоңыр" фильмінде шопанның қызы болып ойнады.
Осы жылдың маусымында Шайжүнісовтер әулетінің жігітіне тұрмысқа шықты. Бойжеткеннің жары – 22 жастағы Дәлен Шайжүнісов. Венера мен Дәлен екі жыл бұрын танысқан.
Кей деректерге сүйенсек, Дәлен 1995 жылы 24 қыркүйекте дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы университетті "Заңгерлік" мамандығы бойынша тәмамдапты. Астанада тұрады екен.
Тағы оқыңыз: Назарбаеваның жалғыз қызы туралы не білеміз?
Динара мен Тимур Құлыбаевтардың балалары
Қазақстанның бай адамдары саналатын ерлі-зайыпты Динара мен Тимур Құлыбаевтар үш бала тәрбиелеп отыр.
Тұңғышы Алтай Құлыбаев Айсұлтан Назарбаевтың құрдасы, 1990 жылы туған. 2012 жылы Лондонда City University жанындағы Cass Business School бакалавры дәрежесін алады. Бұл университет әлемдегі ең үздік қаржы жоғары оқу орындарының ондығына кіреді.
Сұқбаттарының бірінде Динара Құлыбаева ұлы Алтай жайында былай деген еді:
"Алтайды тәрбиелеу сондай қиын! Алтай қолды-аяққа тұрмайтын, тынышсыз бала. Оның үстіне қырсық, бәрін керісінше істейді. Әжесі мен атасын қонаққа келіп, бірнеше сағат әңгіме айтуы мүмкін. Әкеме таңғаламын: жас кезінде ол балалардың шулағанын ұнатпайтын. Ал қазір! Немерелер оның басына шығып жатса да, мәз болып отыра береді", — деген еді ол.
Динара Нұрсұлтанқызының айтуынша, Алтай бала кезден дарынды, жан-жақты.
"Музыкаға жақын жігіт, фортепианода ойнауды үйреніп жүр. Компьютер ойындарын қатты жақсы көреді", — деп айтқан еді бұрынғы сұқбаттарының бірінде.
Алтайдың екі қарындасы бар: Дениза, 2004 жылғы және Алишия 2010 жылғы.
Тағы оқыңыз: Дариға мен Әлия Назарбаевалардың әкесіне жасаған сыйы — фото
Кіші қыздан туған жиендер
Нұрсұлтан Назарбаевтың кіші қызы Әлия Назарбаеваның балалары әлі кішкентай, олар туралы интернетте ақпарат аз.
Әлия Назарбаева алғаш рет 18 жасында Қырғызстанның экс-президенті Асқар Ақаевтың ұлы Айдар Ақаевқа тұрмысқа шыққан болатын. Алайда екі жастың дәм-тұзы жараспай, көп ұзамай ажырасып кетті.
Кейін Әлия Данияр Хасенов деген азаматпен отбасын құрды. 2007 жылы Тиара, 2011 жылы Алсара есімді қыздары дүниеге келді. Алайда екі жастың отбасылық өмірі ұзаққа созылмады.
Ал 2015 жылы Димаш Досановқа күйеуге шықты. 2016 жылдың жазында Алдияр есімді ұлын өмірге әкелді. Жақында бұқаралық ақпарат құралының бірі Әлия төртінші бала — қыз дүниеге әкелді деген ақпарат таратты. Бірақ әзірге нақты мәлімет жоқ.