АЛМАТЫ, 13 наурыз - Sputnik. "Келинка Сабина" фильмінің жұлдызы Жан Ізбасарұлының бұрынғы әйелі елден көмек сұрады.
Белгілі актер сал баланы дүниеге әкелгені үшін әйелімен ажырасып кеткен. Бұл туралы Ізбасарұлының бұрынғы әйелі Назгүл "Астарлы ақиқат" бағдарламасына берген сұхбатында айтты.
Назгүлдің айтуынша, баланың еміне айына 370 мың теңгедей ақша кетеді. Ол осы ақшаны табамын деп әбден шаршаған, ал әкесі тарапынан ешқандай көмек жоқ.
"Міне, 4-ке келеді. Әкесі осыған дейін оны іздеген емес. Алимент төлемей қойды. Сотқа шағымданған соң ғана төлей бастады. Онда да жыл бойына берген алименті 100 мың теңгеден асады. Ал баламның еміне айына 400 мыңға жуық ақша керек. Осыны ол түсінбейді", - дейді актердің бұрынғы әйелі.
Бағдарлама тілшілері бұл жайтқа актердің өз көзқарасын білу үшін үйіне барған екен.
"Мен оған бәрін бердім. Үй бердім, той жасадым. Келген күнінен бастап киіндірдім. Менен талап етілетін нәрсенің бәрін бердім. Бірақ сізден туған бала сау емес. Енді мен кешірім сұрау керекпін бе? Не үшін? Менің кінәм не? Мүмкін кінәрат менен шығар деген ой болған, бірақ олай емес. Одан кейін менің сап-сау балам дүниеге келді ғой. Баланы жасайтын кезде қыдырдым да, достарыммен сыра да іштім", - дейді Жан Ізбасарұлы.
Мұны естіген "Перзент" балалар үйінің төрайымы Әмина Тәжібаева жағасын ұстады. Ол Назгүлді өз үйіне шақырып, баласын Сауд Арабиясына апарып емдетуге уәде берді.
"Мынадан қайыр жоқ. Не деп отыр өзі? Ұмыт оны! Менің үйіме келші, шет мемлекетке апарып емдетейін. Осы баланың қиыншылығы соның басына түспесе, Әмина деген атым құрысын. Аққан судың да сұрауы бар. Бұл да бір Алланың сынағы, сендер одан бірге өтулерің керек еді. Бір бөлмені анаң екеуіңе беремін. Сауд Арабиясына барамыз. Мынадан күдеріңді үз, бұл адам емес. Бұның көретіні әлі алда. Ананың көз жасы жібермейді", - дейді ол.