АСТАНА, 12 наурыз – Sputnik. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова отбасының жиынтық табысын есептеген кезде жеке шаруашылықты есепке алу мәселесіне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ол қазіргі таңда республикада тек бір ғана облыс қорадағы төрт түлікті есепке алмайтынын атап өтті. Алайда оның қандай өңір екенін нақтыламады.
"Алдағы уақытта бұл мәселелердің барлығы қайтадан қаралып, негізгі шешімдер қабылданады. Жұмыс жүргізіліп жатыр", - деп сендірді Жақыпова.
Қорадағы малды отбасының кірісі деп есептеу қаншалықты дұрыс деген сауалға министрдің орынбасары сиыр ұстайтын екі көршіні мысал етіп, жауап берді.
"Мәселен, екі көршіні алайық. Біреуі 20 сиыр ұстайды, балаларына етін жегізіп, сүтін ішкізіп асырап отыр. Ал қасындағы көршісі сиырлары жоқ, оны сатып алуға жағдайы да жоқ. Бірақ жәрдемақы тағайындаған кезде, екеуі де сол көмекке ілігеді. Бірнеше сиыр ұстайтын отбасы да балаларына 21 мың теңге алады, бірде-бір сиыры жоқ көршісі де дәл сондай жәрдемақы алады. Сонда айтыңызшы, осы әділетті ме?", - деді вице-министр.