АЛМАТЫ, 6 наурыз – Sputnik. Мамандар қазақстандықтарды табыс декларациясын тезірек өткізуге шақырып жатыр. Өйткені ел азаматтары қазірден қимылдамаса, құжатты өткізуде белгілі бір қиындықтарға тап болуы мүмкін. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Республикалық кәсіпкерлерге көмек орталығының директоры Дмитрий Казанцев мәлім етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Ойлаңызшы, 13 миллион (!) адам декларация өткізеді. Бұл - өте көп көлем. Маман ретінде бұл декларацияны қағаз түрінде өткізбеуге кеңес берер едім. Өйткені ол қауіпсіз. Ал күзде соңғы сәтте 13 миллион адам электронды базаға лап қойса, не болады? Әрине, база кібіртіктейді. Салдарынан қаншама адам өзінің табыс декларациясын дер уақытында өткізіп үлгермей қалады. Сондықтан біз халықты бұл жайт туралы алдын ала ескертіп, хабарлап жатырмыз", - деді Казанцев.
Ал декларация дер уақытында өткізілмей қалса, Казанцевтің айтуынша, адам әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
"Үлгермесе немесе толтырған құжатта шынайы ақпарат көрсетілмесе, онда ол адамға 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде немесе 75 750 теңге айыппұл салынады", - деді ол.
Қазақтың тойы да декларациялауға жататын боп шықты. Әрине, тойдан түскен ақша мен сыйлықтың құны 500 мың теңгеден асқан жағдайда.
Оған қоса, енді қазақстандықтар банк картасы арқылы жөн-жосықсыз ақша аударымын жасай алмайды.
"Мысалы, досыңыз "картаны берші, ақша аудартып ала қояйын" дейді. Егер ол үлкен сома болса жағдай қиын. Өйткені салықшыға сіз оның қандай ақша екенін дәлелдей алмайсыз. Біреу картаңызды пайдаланып, 1 миллион теңге жөнелтті делік. Сол 1 миллион теңгенің салығы сізден алынатын болады, себебі ол декларацияланбаған", - дейді ол.