Астана, 26 ақпан – Sputnik. Qazaqstan РТРК басқарма төрағасы Ерлан Қарин Сирияның соғыс аймағындағы қазақтарды елге қайтаруға бағытталған "Жусан" операциясы туралы көркем фильм түсірілетінін айтты.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ресми мәліметінше,"Жусан" операциясы аясында 6 ер адам, 11 әйел және 30 бала елге қайтарылған. Арнайы операция бір ай жүргізіліпті.
Ерлан Қариннің сөзіне сүйенсек, қазір Сириядағы Ислам мемлекетінің* (Қазақстан, Ресей және тағы басқа бірқатар елде тыйым салынған террорлық ұйым) бақылауында болған аумақта 5-6 лагерь бар. Тек бір лагерьдің өзінде 30 мыңға жуық әйел мен бала тұрып жатыр.
Сирияда бірнеше қазақстандық өлім жазасына кесілді
"Қазір Еуропа елдері мен АҚШ "әйелдер мен балаларды елдеріне қалай қайтарамыз" деп дауласып жатыр. Ал Қазақстан алғашқылардың бірі болып балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қатерлі "Жусан" операциясын жүзеге асырды, 30 баланы елге қайтарды. Бұл қоғамда резонанс тудырды", - деді ол орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Осы орайда Ерлан Қарин биыл арнайы операция туралы көркем фильм түсірілетінін атап өтті.
"Қоғам қайраткерлері, депутаттар осы оқиғаны жан-жақты көрсету мақсатында көркем фильм түсіру идеясын ұсынды. Арнайы операция жүзеге асқан бойда оқиға желісімен кино түсірсек деген идея қызу талқыланды. Қазір сценарийі әзірленіп жатыр. Басты түсірілім шілде-тамыз айларында өтеді. Түсірілім жұмыстарын биыл аяқтауды жоспарлап отырмыз. Қазір бірнеше шығармашылық топпен кездесіп, олардың ұсынысын қарап жатырмыз", - деді басқарма төрағасы.
Сонымен қатар, Қарин білікті режиссер мен шығармашылық топты іздеп жатқанын атап өтті. Көркем фильм Қазақстан мен оның аумағынан тыс жерде түсіріледі екен.
"Ұлым Сирияда қаза тапты" Келіні мен немерелерін зарыға күтіп жүрген әйелдің оқиғасы
"Жусан" операциясының толық хронолиясын сақтауға тырысамыз. Фильм кең аудиторияға арналғандықтан, оған басқа да элементтер қосылады", - деді Ерлан Қарин.
Басқарма төрағасы фильмнің ақшалай шығынын кім көтеретінін айтқан жоқ. Ол фильмнің бюджеті толық сценарий жазылғаннан кейін белгілі болатынын мәлімдеді.
Сириядан елге қайтарылған 7 қазақстандық тергеліп жатыр
Айта кетейік, биылғы жылдың басында Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің басшысы Бақытбек Рахымбердиев БАҚ өкілдеріне мәлімдегендей, Сирияда әлі де 370-380-ге тарта Қазақстан азаматы қалған. Олардың үштен екі бөлігі - әйелдер, бұдан бөлек 400-500 бала бар.