АСТАНА, 15 ақпан – Sputnik. Астана әкімі Бақыт Сұлтанов көп балалы аналармен кездесуге олардың мәселесін шешу үшін қандай шаралар қолға алынып жатқанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Әкімнің айтуынша, баспана мәселесін бір күнде шешу мүмкін емес.
"Көп жылдан бергі мәселе. Бұл жағынан да тиісті тапсырмалар бар. Жұмыс тобында бұл мәселе ең үлкен проблема ретінде қаралып жатыр. Оны шешудің бірнеше құралы бар. Астанада "Елорда даму" деген ұйымдастырушы компания құрылған. Оған республикалық бюджеттен ақша бөлініп, бірнеше проблема шешіліп жатыр. Апаттық үйлердің бәрі бұзылып, жаңа үйлер салынуда. Отбасыларға жаңа пәтерлер беріліп, қалғандары нарыққа жіберілді. Соның арқасында Астанада кезекте тұрған біраз адамның мәселесі шешіліп жатыр. ", - деді әкім.
Бұдан бөлек, ол үлескерлердің мәселесі қалай шешіліп жатқанын да айтып өтті.
"15 мың пәтер салып, оларды нарықта сатып, 10 мың үлескердің мәселесін шешуді жоспарлап отырмыз. Осы құралдарды көпбалалы отбасылардың мәселесін шешу үшін де пайдалана аламыз", - деді ол.
Сұлтанов қазір Астанада 45 мың адам кезекте тұрғанын айтып өтті. Олардың бәрін баспанамен қамтамасыз ету үшін 1 триллион теңгедей қаражат керек.
"Сондықтан бір күнде шешілетін мәселе емес, біртіндеп жасау керек. Екінші мәселе – жәрдемақы. Бұл мәселе үкіметтің құзырында, ол жұмыс тобында қаралып жатыр. Шешімді күтейік", - деді Астана әкімі.
Айта кетейік, Астана әкімі Бақыт Сұлтанов бүгін көп балалы аналармен кездесуге мәжбүр болды.
Көп балалы әйелдер 15 ақпан күні таңертең елордалық әкімдік ғимаратының алдына жиналып, қала басшылығымен кездесуді талап етті.
Бұдан бұрын әкімдік көп балалы аналардың Сұлтановпен кездесуі болмайтынын жариялап, отбасылардың бүкіл мәселесі аудандық әкімдіктерде қаралады деп мәлімдеген еді.