ШЫМКЕНТ, 15 ақпан – Sputnik. Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов халық алдында берген жылдық есебінде қалада 3200-ден аса тұрмысы нашар, табысы күнкөріс деңгейінен төмен отбасы бар екенін айтты, деп хабарлады Sputnik тілшісі.
Әкімнің айтуынша, оның әкесі он балалы отбасынан, анасы жеті балалы отбасынан шыққан. Өз отбасында бес бала бар.
"Шымкентте 2 220 "Алтын алқа", 6056 "Күміс алқа" иегері, 511 "Батыр ана" және 769 1-ші және 2-ші дәрежелі орденмен наградталған көп балалы ана бар. 3200-ден аса көп балалы ананың тұрмысы нашар,табысы күнкөріс деңгейінен төмен", - дейді ол.
Әкімнің мәлімдеуінше, Шымкентте көп балалы аналар үшін әкімшілік қызметтердің барлық түрі көрсетілетін орталық ашылады.
"Бұл 8 наурыз қарсаңында аналарымызға жасаған сыйлығымыз болсын",- деді ол.
Сонымен бірге тамыз айынан бастап табысы күнкөріс деңгейінен төмен көп балалы отбасыларға жылына бір рет берілетін әлеуметтік көмек деңгейі 25 мың теңгеден 100 мың теңгеге дейін көбейеді.
Кәсіпкерлер "Сен жалғыз емессің!" жобасы аясында қиын жағдайға түскен отбасыларға тегін тұрғын үй салып береді.
Бүгін қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Шымкенттегі Түркістан сарайында халық алдында жылдық есебін берді. Оған мыңнан аса адам жиналды. Әкімге сұрақ қойып үлгермегендер өздерін тыңдауды талап етті.
Шымкент қаласы әкімдігінің мәліметінше, мегаполисте 31 мыңнан аса көп балалы ана бар.