АСТАНА, 14 ақпан – Sputnik. Арман Тұрлыбек қала әкімінің орынбасары болып тағайындалды.
Әкімнің жаңа орынбасары энергетика, коммуналдық шаруашылық, қоршаған ортаны қорғау саласындағы мәселелерге жауап береді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Арман Тұрлыбек туралы не білеміз
Тұрлыбек Арман Алашұлы 1971 жылы 6 мамырда Қарағанды облысында дүниеге келген. Білімі – экономикалық және техникалық. Алматы Энергетика және байланыс институтын, Қазақ мемлекеттік басқару академиясын тәмамдаған.
2008 жылдан 2010 жылға дейін Қарағанды облысы әкімінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және тарифтік саясат мәселелері жөніндегі орынбасары қызметін атқарды.
2010-2014 жылдар аралығында Қазақстан Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Мемлекеттік энергетикалық қадағалау комитетінің төрағасы болды.
2014-2016 жылдары ҚР Инвестициялар және даму министрлігіндегі жауапты қызметтерді атқарды.
2016 жылдан бастап бүгінге дейін Астана қаласы "Сарыарқа" ауданының әкімі болды.
Үйленген, үш баласы бар.
Бұған дейін бұл қызметті атқарған Сергей Хорошун Қазақстан президенті іс басқарушысының орынбасары болып тағайындалған еді.