Әлия Назарбаева 1980 жылы 3 ақпанда Алматы қаласында дүниеге келген. Қайырымдылықпен жиі айналысады, кәсіпкер, бірқатар фильмге, телехикаяларға продюсерлік еткен.
Балалық шағы
Әлия Назарбаева – президенттің Дариға және Динарадан кейінгі үшінші қызы. Музыкалық мектепте фортепиано сыныбында білім алған.
"Бала кезінде әкем мені қатты еркелетті. Апаларымның айтуынша, оның әкелік махаббаты мен дүниеге келгеннен кейін ғана оянған. Бірақ, мен олай ойламаймын. Мен кішкентпай болғандықтан, ол көп уақытын маған арнайтын. Мен де әкем сияқты мейірімді әрі ашықпын",- деген еді сұқбаттарының бірінде.
Балалық шағы екінші апасы Динара Құлыбаевамен бірге өткен.
"Дариға (Назарбаева) ол кезде Мәскеу университетінде оқитын, сондықтан үйге тек демалыста ғана келеді. Бар уақытым Динарамен өтті. Оны қатты жақсы көргенім соншалық, ол мектепке кеткен кезде, "қашан келеді екен" деп күтіп, терезеден қарап отыратын едім. Оның қасынан бір елі қалғым келмейтін", - деп еске алады Әлия Назарбаева.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан президенті болып сайланған кезде Әлия небәрі он бір жаста болған.
Ата-анасы кенже қыздарын 12 жасында Германияға оқуға жібереді. Мектеп Кельн қаласының жанындағы бұрынғы монастырь ғимаратында орналасқан.
"Бала кезімнен үйден шықпай, жақындарымның қасында болғандықтан, бұл сапарды жаза ретінде қабылдадым. Олармен сөйлескен сайын жылап, мені алып кетуін өтінетін едім. Жарты жылдан кейін тілегім қабыл болып, мен үйге оралдым", - деген еді сұқбаттарының бірінде.
Алты ай ішінде Әлия Назарбаева неміс тілін жетік меңгеріп алады. Алайда көп ұзамай 15 жасында Швейцарияға қоныс аударады. Ұлттық мектепте білім алып жүрген кезде, тау шаңғысына деген махаббаты оянады. Швейцария мектебінде екі жыл оқып, ағылшын тілін үйренген.
Осыдан кейін Англиядағы жетекші университеттердің біріне халықаралық құқық факультетіне оқуға түседі. Оны тәмамдағаннан кейін АҚШ-қа кетіп, өнертанушы мамандығын игереді.
Кәсіпкерлікке қалай бет бұрды?
Отанына оралғаннан кейін Әлияның мансап жолы басталады. Алдымен ол "Европа Плюс" радиосында директордың көмекшісі болып жұмыс істейді. Сосын "ТұранӘлемБанкіне" жұмысқа орналасады, бірақ бұл жерде де көп тұрақтамайды.
Кейін Астанада президент әкесінің қасында хатшы болып қызмет етеді. Алайда бұл ұзаққа созылмайды. Осыдан кейін Әлия Назарбаева өз ісін ашып, кәсіпкерлікке бет бұрады.
Кезінде интернет қосымшаларды техникалық қамтамасыз етумен айналысқан Nursat компаниясы да болған.
Сонымен қатар, Назарбаева "Қоғамдық маңызды бастамаларды дамыту қорын" басқарады. Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығының президиумына жетекшілік етеді.
Қазақстан президентінің қызы қайырымдылықпен де жиі айналысады.
Әкесінің қолынан марапат алған Әлия
Әлия Назарбаева 2018 жылғы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлыққа ие болғандардың бірі.
Ақордада өткен салтанатты жиында Нұрсұлтан Назарбаев кіші қызы Әлия Назарбаеваны бетінен сүйіп, мемлекеттік сыйлықпен марапаттаған еді. Назарбаева өзі бас продюсер болған "Анаға апарар жол" толық метрлі көркем фильмі үшін марапатталды. Салтанатты жиыннан кейін Назарбаева Елбасыға алғысын білдірді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Мұның алдында қазақстандық продюсер Нью-Йорк Еуразиялық кинофестивалінің жүлдесін алған болатын. "Кинодағы еуразиялық әйел" марапаты да "Анаға апарар жол" фильмі үшін берілген.
Қазір Әлия Назарбаева режиссер Ақан Сатаев түсіріп жатқан "Томирис" фильміне продюсерлік етеді.
Жеке өмірі
Әлия Назарбаева алғаш рет 18 жасында Қырғызстанның экс-президенті Асқар Ақаевтың ұлы Айдар Ақаевқа тұрмысқа шыққан болатын. Алайда екі жастың дәм-тұзы жараспай, көп ұзамай ажырасып кетті.
Кейін белгілі футболшы және бизнесмен Данияр Хасеновпен отбасын құрды. 2007 жылы Тиара, 2011 жылы Алсара есімді қыздары дүниеге келді. Алайда екі жастың отбасылық өмірі ұзаққа созылмады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Ал 2015 жылы бизнесмен Димаш Досановқа күйеуге шықты. Ортақ таныстарының кешінде танысқан екі жас ұзақ уақыт дос ретінде араласады. Димаш Досанов 1981 жылы Алматыда туған, қазір "ҚазТрансГаз" АҚ-ны басқарады.
2016 жылдың жазында танымал жұптың отбасында Алдияр есімді ұл өмірге келеді. Ал 2018 жылы жазда бұқаралық ақпарат құралдары Әлияның төртінші сәби – қыз дүниеге әкелгенін хабарлаған еді.