АСТАНА, 28 қаңтар — Sputnik. Алматы қаласының 21 жастағы тұрғыны Мәдина Балқыбаева анасының басынан өткен жағдайды баяндап көзіне жас алды. Себебі, анасын көлікпен қағып кеткен 25 жастағы жігіт оны қашпайтынын айтып сендіріп, істі сотқа дейін жеткізбеуін сұраған. Алайда ауруханада ауыр халде жатқан анасының еміне ақша керек екенін айтқанда телефонын сөндіріп, із-түссіз ғайып болады.
Осыдан кейін жас қыз анасын шұғыл түрде жеткізген ауруханаға барады. Сол жерде дәрігерлер анасының өлі күйде жеткізілгенін айтып, жансақтау бөліміне кіргізбей қояды. Араға біраз уақыт салып жарты бас сүйегі мен миын алып тастайды. Себебі көлік қаққан кезде басының жарты бөлігі езіліп кеткен.
Мәдина болған жағдайдан кейін бірнеше рет тергеу жүргізілуін талап еткенін айтады. Алайда тергеушілер істі белгісіз себептермен қайта-қайта жауып, бойжеткенге, тіпті, бұл туралы ескертпеген. Сондай-ақ бойжеткен аз уақыт ішінде анасының еміне көп ақша жұмсағанын айтады. Қаржыдан қатты қысылғаны соншалық, адвокат жалдауға да мүмкіндігі болмаған.
Тағы оқыңыз: Әйел үйде босануға мәжбүрлеген күйеуі туралы айтып жылады
"Анықтаушы істі сотқа дейін жеткізе алмай жатыр. Әлгі жүргізуші "Мәдина, Құдай көріп тұр, ешқайда қашпаймын" деді. Осы сөзіне сеніп соттатпаймын деп жүрген едім. Бірақ қашып кеткендіктен, әділдікке жеткім келеді. Әділдік болуы керек. Менің анам біреудің қызы, біреудің қарындасы, енді біреудің анасы, адам. Қағып кете салатындай мал емес", - деп көзіне жас алды Мәдина Балқыбаева.
Көлік қағып кеткен әйел жеті ағайынды. Алайда Алматы қаласында бір өзі ғана тұрады. Құндыз Қыдырмоллаеваның айтуынша, жол апатына түскенге дейін барлығымен емін-еркін араласып, жадырап жүретін болған.
"Әпкем дәмханада ыдыс-аяқ жуып жұмыс істеген екен. Сол жерден шығып, жолдан өтіп бара жатқан кезде көлік қағып кеткен. Әпкем жансақтау бөлімінде жатқан кезде қаққан жүргізушінің анасы мен туысқандары келіп кешірім сұрап жүрді. Әпкемді палатаға ауыстырғаннан кейін дәрігердің тапсырған дәрілері көбейіп кетті. Осы кезде көмек сұраған едік "Әрі қарай жағдайымыз жоқ. Не істесеңдер, оны істеп алыңдар" деп кетіп қалды. Кейін телефондарын түгел өшіріп тастады, еш хабарласқан жоқ", - дейді Құндыз Қыдырмоллаева.
Тағы оқыңыз: Кейуана немерелерінің өгей шешеден көрген қорлығы туралы айтып жылады
Тергеу жұмыстары барысында анықтаушы бұл жағдайға әйелдің өзін кінәлайды. Сондай-ақ әйел сол күні ішімдік ішіп алған деген қорытынды шығарады. Психолог маман науқасқа ғана емес, оған күтім жасап жүргендерге де көмек керектігін жеткізді.