АСТАНА, 17 қаңтар — Sputnik. Асанәлі Әшімовтің жұбайы Бағдат Әшімова актердің өміріндегі ең қиын күндердің бірін көзіне жас алып отырып еске алды. Айтуынша, көзімен көрген бір жағдай әрдайым күйеуінің жанынан табыламын деп серт беруіне себеп болған.
1993 жылы Асанәлі Әшімовтің шаңырағының ұйытқысы болған әйелі Майра Айманова ұзақ сапарға аттанып кетті. Оның артынша ұлы Мәди, тағы алты айдан кейін Сағи қайтыс болды. Жақындары мұның барлығы Асанәлі Әшімовке ауыр тигенін, оның өмірі үшін қорыққандарын жасырмайды. Десе де актер бұл қиындықтардан шыға білді.
"Уақыт сияқты адамның да тағдыры өзгеріп тұрады. Оның тағдырында талай келеңсіз оқиға болды. Бір үйде бір жылдың ішінде үш адамнан айырылып қалған кезі болды. Екі ұлы бүгінде тірі болса, алпыс жасқа келіп қалатын еді. Шешесінен де айырылды. Осының барлығына мұңайып кетпей, жасып кетпей, бүкірейіп кетпей, өнері арқылы қарсы тұра білді", — дейді режиссер Есмұхан Обаев.
Бүгінде жасы сексеннен асқан актер өзінен 34 жас кіші медбикеге үйленіп, бір перзент сүйіп отыр. 11 жастағы Асанәлі Әшімов те болашақта әкесі секілді актер болуды армандайды.
Тағы оқыңыз: Махаббаттың жасқа қарамайтынын дәлелдеген жұлдыздар кімдер?