Ақтөбе — Батыс Қазақстандағы қалалық әкімшіліктің орталығына айналған қала. Дәлірек айтсақ, бастапқыда аумағы 297,39 шаршы километр болған қала Ақтөбе облысының солтүстік бөлігінде орналасқан. Географиялық орналасуын дәлме-дәл сипаттайтын болсақ, Ақтөбе облысының солтүстік бөлігі, Елек өзенінің жағасы, Қарғалы өзенінің келіп құятын жері, Орал асты үстіртінің орталық бөлігінде теңіз деңгейінен 250-400 метр жазықтықта бой көтерген.
Бүгінгі таңда Еуропа мен Азия арасындағы шекараны нақты белгілеу — шешімін таппаған мәселелердің біріне айналып отыр. Кейбір ғалым бұл екі құрлықтың шекарасын Жайық өзені арқылы бөледі. Мұндайда Ақтөбе қаласы Азияда орналасқан болып шығады. Алайда кейбір географ шекараның Каспий теңізінің солтүстік жағалауы, Жем өзенінің бойы және Мұғалжар таулары арқылы белгілеуді жөн көреді. Бұл пікірлерге сүйенетін болсақ, Ақтөбе Еуропа құрлығында орналасқан қалаға айналады.
1997 жылы қалаға бес ауылдық округ қосылып, аумағы 2 338 шаршы километрге дейін жетті. Ақтөбеде Сазды су қоймалары бар, сондай-ақ ішімен Елек өзені ағып өтеді. Қала мұхиттан алыс орналасқандықтан, климаты континенталды болып келеді.
Ақтөбе — Қазақстанның ірі индустриялық орталығы
Батыс Қазақстан өңірінің ең ірі қаласы халық саны бойынша республикада бесінші орында тұр. Алғашқы орындарда — Алматы, Астана, Шымкент және Қарағанды. Халқының ұлттық құрамы саналуан: қазақтар — 76,30 %, орыстар — 16,89 %, украиндер — 2,68 %, татарлар — 1,53 %, немістер — 0,60 %, кәрістер — 0,28 %, әзербайжандар — 0,20%, өзбектер — 0,17 %, — өзге ұлт өкілдері — 1,35 %. Бұл 2015 жылы жүргізілген есеп бойынша.
1891 жылы 25 наурызда Ақтөбе Торғай облысының құрамындағы уездік қала мәртебесіне ие болды. Сондай-ақ, оның орыс тіліндегі атауы "Актюбинск" болып өзгертілді. Азамат соғысы уақытында Ақтөбе Торғай өңірінің ереуілдік күшінің орталығына айналып, кезегімен ақтар мен большевиктердің қолына өтті. 1919 жылы біржолата кеңес үкіметі орнап, 1921 жылы Ақтөбе губерниясының, 1928 жылы Ақтөбе округінің, 1932 жылдан бастап Ақтөбе облысының әкімшілік орталығына айналды.
Қала тұрғындары 1920 және 1930 жылдары болған ашаршылықта қатты қиналды. 1941-45 жылдары аралығында жау басып алған кәсіпорындар біртіндеп осы өңірге көшіріле бастады. Бүгінде Ақтөбе қаласында жеңіл өнеркәсіп, тамақ және химия саласы жақсы дамыған. Тіпті, Қазақстанның ірі мәдени және индустриялық орталықтарының бірі десек те болады.
2016 жылы президент әкімшілігі және қалалық мәслихат депутаттарының келісімдерімен, облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың өкімімен Ақтөбе қаласының әкімі болып Ілияс Испанов тағайындалды.
1869 жылы Ақтөбе бекінісін кім салдырды?
Ежелгі заманда осы өңірдегі тайпалар мал шаруашылығымен айналысқан. Жүргізілген зерттеулер барысында Бесоба және Сынтас қорымдары табылды. Сондай-ақ, қала маңында пішіні сақинаға ұқсайтын тас дуалдар мен қорғандар болғаны белгілі болды. 1869 жылы Қобда мен Елек өзендерінің ортасындағы жерге флигель-адъютант граф фон Борг басқарған екі рота жаяу әскер, 14 зеңбірегі бар жасақ және жүз казак келді.
Кеңес одағы ыдырағаннан кейін Ақтөбе, Ақтау және Атырау секілді мұнайлы өлкелер Қазақстанның белсенді экономикалық өңірлеріне айналды. Бұған дейін Шымкент және Қарағанды сияқты өнеркәсіп орталықтары бар қалалар экономикалық жағынан елге көбірек пайдасын әкелген-ді. 1970-80 жылдары кеңес одағының басқа республикаларынан келген мамандар шетелге көшіп, 1990-2000 жылдар аралығында халық санының азаюы байқалды.
2000 жылы қаладағы құрылыс саласында үлкен серпіліс болып, құрылыстың қарқыны өсті. Тіпті, елдің бас қаласы Астанадан асып түсті. 2005 жылы 289 773 шаршы метр тұрғын үй салынды. Бастапқыда тек 137,1 мың шаршы метр салынады деп жоспарланған еді.
Ақтөбе атауы қалай өзгеріп отырды?
Қала атауы 1929 жылға дейін араб-парсы әліпбиімен "اقتوبە", 1929-1940 жылдары аралығында латын әліпбиімен "Aqtɵbe" деп жазылған. Ал 1940 жылдан бастап осы күнге дейін кириллица негізінде жасалған әріптермен жазылып жүр. Десе де Таяу Шығыс пен Қытай қазақтарына арналған басылымдарда әлі күнге дейін араб әріптерімен жазылады.
Қала атауы көне түркі тіліндегі "ақ" және "төбе" сөздерінен құралған. Сондай-ақ, шет мемлекеттерде осыған ұқсайтын Ахтуба, Актюба, Ақтепа, Ақ Таппе, Ақдепе деген атаулар бар. Кейде Ақтөбені орыстар "Город на белом холме" немесе "Беловершинск" деп атайды. Себебі, түркі тіліндегі атау аударғанда "белый холм" мағынасын білдіреді.
Ақтөбенің таңбасы нені білдіреді?
1968 жылдың 18 қарашасында алғаш рет Ақтөбенің таңбасы бекітілді. Бұдан кейін 1988 жылдың 24 желтоқсанында араға жиырма жыл салып кеңес суретшісі М. Ф. Луциннің жобасы бойынша жаңа таңба қабылданды.
Ақтөбенің 130 жылдық мерейтойы қарсаңында қала әкімшілігі жаңа елтаңбаға байқау жариялады. Аталған байқаудың қорытындысы бойынша Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Сағынтай Әлімбетовтің ұсынысы үздік деп танылды. Әділқазы алқаларына барлығы 50 жұмыс ұсынылған-ды. Ал үздікті таңдауға бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, архитекторлар және ғалымдардан құралған әділқазы алқалары көмектесті. Осылайша жаңа таңба 1998 жылдың 24 шілдесінде қалалық мәслихаттың 23-сессиясында қабылданды.
Ақтөбе қаласының соңғы қабылданған елтаңбасы дөңгелек пішінде жасалған. Бұл пішін дөңгелек мәңгіліктің символы болғандықтан таңдалған. Ал қала атауы тазалықтың белгісі — ақ түспен жазылған. Қызыл ою-өрнектер қызғалдақтарды, көк түс — мәңгілік қозғалыстағы суды білдіреді. Бұдан өзге елтаңбаның қақ ортасында бүркіт басты, арыстан денелі, қос қанаты бар грифон бейнеленген.
Қаланың экологиясы неге нашар?
Ақтөбе қаласының ауа райы өмір сүру үшін барынша қолайлы болғанымен, экологиялық жағдайы нашар. Қалада азот диоксиді мен формальдегид шамадан тыс көп. Ал ТЭЦ секілді өнеркәсіп мекемелерінде, ферроқорытпа зауыттарында, хром қоспаларында, Кірпішті ауылында бұл заттардың мөлшері шектен тыс көп.
2013 жылы санитарлық-эпидемиологиялық тексеріс жүріп, қаладағы ауаны кәріз жүйесі ластайтыны анықталды. Сондай-ақ, қала ауасының ластануына көліктердің көп болуы себеп. Бұл жердегі күкіртсутектің үлесі 2%-тен басталып, 16%-ке дейін жетеді. Мұнымен қатар, ағын судың құрамында сульфидтер көп екені белгілі болған.
Қыста қаланың ауа райына Моңғолия үстіндегі қуатты азиялық антициклон мен Исландия үстіндегі терең циклон әсер етеді. Осы өңірде күн сәулесі көлемінің орташа жылдық көрсеткіші — 2 316 сағат. Ал жаз мезгілі ыстық әрі ұзақ болады, қысы — қоңыр салқын. Жылда бес ай бойы орташа ауа температурасы 20 градустан асып түседі. Дәлірек айтсақ, жылына 174 күн ашық, 148 күн бұлт және 43 күн жауын-шашынды болады. Атмосфералық жауын-шашын ең көп маусым айында (35 мм), ең аз қыркүйек айында түседі.
Орташа жылдық температура — +5, 3 C°, желдің орташа жылдық температурасы — 2,4 м/с және ауа ылғалдылығының жылдық орташа температурасы — 68%.
"Үлкен із қалуы керек…"
Биыл Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойы. 8 қаңтар күні облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында Ақтөбе қаласының мерейтойын кең көлемде атап өту шараларына дайындық барысы талқыланды. Аталған жиынға құқық қорғау органдары мен басқарма, жоғары және арнаулы оқу орындарының басшылары, қоғамдық ұйым мүшелері, облыс әкімінің орынбасарлары мен Ақтөбе қаласы әкімдігінің өкілдері, депутаттар қатысты. Сондай-ақ, аудан әкімдері жиынға онлайн-режимде қосылды.
Облыс басшысы ақтөбеліктер үшін тарихи жыл екенін айтып, 150 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өту үшін дайындық шаралары қалай жүргізілуі керектігіне тоқталды.
Сондай-ақ, ол өз сөзінде ол Елбасының "Өсе бер, өркендей бер, құтты мекен Ақтөбе!" деп бекерден-бекер емес, өңірдің әлеуеті мен мүмкіндіктерін ескере отырып, айтқанын атап өтті. Облыс әкімі құзырлы органдарға екі ай бұрын Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойын атап өту үшін іс-шаралар жоспарын құруды тапсырған болатын.