АСТАНА, 16 қаңтар — Sputnik. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мешіт салудың арнайы ережесін бекітті. Бұл туралы Бас мүфти Серікбай қажы Ораз Астанада өткен алқалы мәжілісте айтты.
Бұдан былай мешіт ғимараты жергілікті жамағаттың санына орай 3 деңгейде салынады: ауылдық (сыйымдылығы 70-500 адам), аудандық (сыйымдылығы 500-1500 адам), облыстық, қалалық (сыйымдылығы 1000-5000 адам).
Құжатқа сәйкес, болашақта жаңадан салынатын мешіттің құрылысы заманауи талапқа сай жүргізілуі тиіс. Демек, Алла үйін тұрғызуға шешім қабылдаған адам ғимараттың көрікті болуына көңіл бөлуі шарт. Мешіт салуда заманауи озық үлгілерді, Исламның және жергілікті сәулет өнерін пайдалану міндетті. Мешіттің мұнарасы, күмбезі және ішкі-сыртқы безендірілуі жергілікті дәстүрге сай болуы тиіс.
Айта кетер жайт, 2018 жылы еліміз бойынша 38 мешіт пайдалануға берілді. Бүгінде республика бойынша 2 626 мешіт халыққа қызмет етуде.