Қоғам

"Заң қабылданған жағдайда..." Қазақстандық мұғалімдер нені білуі тиіс?

CC0 / Paul O'Rear / Кітапхана
Кітапхана - Sputnik Қазақстан
Жазылу
"Педагог мәртебесі" туралы заң жобасы ақпан айында депутаттар қарауына енгізіліп, маусымда президент қол қояды деп жоспарланып отыр

АСТАНА, 13 қаңтар – Sputnik. Жуырда Астанадағы №59 мектепте қоғамдық тыңдау өтіп, ұстаздардың құқығы мен міндеттері, әлеуметтік кепілдіктері айқындалған "Педагог мәртебесі" туралы заң жобасы талқыланды. тілшісі жазда қабылданатын құжаттың негізгі жаңашылдықтарына тоқталып өткенді жөн көрді. 

Оқушылар, архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Назарбаев 2019 жылы мұғалімдердің жалақысы артатынын айтты

Қоғамдық тыңдауда ҚР Білім және ғылым министрлігі мектепке дейінгі және орта білім департаменті директорының орынбасары Сәуле Қабимолдаева заң жобасының негізгі баптарына тоқталып, таныстырып шықты. 

Мұғалімдердің үстемақысы өседі

Жаңа заң жобасында сынып жетекшілігі мен дәптер тексергені үшін төленетін ақшаның мөлшері өспек. Сәуле Қабимолдаеваның айтуынша, қазір 1-4 сыныптарға сабақ беретін мұғалімдерге дәптер тексергені үшін 3500 теңге төленсе, енді оның мөлшері 10 600 теңгеге дейін көтеріледі. Ал 5-11 сыныптарда 4 400 теңге болса, 13 200 теңге дейін өседі. 

Сондай-ақ, сынып жетекшілігі үшін төленетін үстемақы да үш есеге ұлғаяды. Бастауыш сыныптарда 4 400 теңгеден 13 мың теңгеге дейін, ал жоғары сыныптарда 5 300 теңгеден 15 900 теңгеге дейін көтеріледі. 

Зейнетке ерте шыға алады

Ұстаздар үшін ең қуантарлық жаңалық – зейнетке ерте шығу мүмкіндігі. Білім және ғылым министрлігі 30 жылдық еңбек өтілі бар мұғалімдерді зейнетке ерте шығаруды ұсынып отыр. 

Оның үстіне жоғары оқу орындарында оқыған жылдар (4-5 жыл) еңбек өтілі болып саналады. 

Мәселен, 17 жасында жоғары оқу орнына түссеңіз, 21 жасында университетті тәмамдайсыз. Осыдан кейін 26 жыл үздіксіз мұғалім болып жұмыс істесеңіз, 48 жасында зейнетке шығуға құқыңыз бар. 

Мектеп - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Қазақстанда мұғалімдер 48 жасында зейнетке шығуы мүмкін

Жалақыға қатысты

Біліктілікті арттыру кезінде жұмысынан уақытша қол үзген мұғалімнің жалақысы сақталады. Қазақстан Республикасының еңбек және бюджет заңнамасына сәйкес іссапар шығындары төленеді;

Жергілікті өкілді органдар мұғалімнің жалақысын өңірдегі орташа жалақыға сәйкес келетін деңгейден төмен емес мөлшерде белгілеуге, сондай-ақ жалақыға қосымша ақылар мен үстемеақы қосуға, оның ішінде "Үздік педагог" атағын иеленген ұстазға – 300 еселенген АЕК-тен кем емес мөлшерде сыйақы белгілеуге құқылы;

Астанада жұмыс істейтін мұғалімдердің лауазымдық жалақысына  лауазымдық жалақының 25%-нен кем емес мөлшерде коэффициент белгіленеді.

Бес жылда бір рет кемінде 6 ай ғылыми қызметпен айналысқысы келетін мұғалімге шығармашылық демалыс беріледі. Бұл аралықта еңбек өтілі мен жалақысы сақталады. 

Білім беру ұйымына алғаш жұмысқа кірген педагогке тәлімгерлік үшін тәжірибелі педагог бекітіледі. Тәлімгерлік қызмет үшін қосымша ақы төленеді.

Мұғалімдерді баспанамен қамту

Заң жобасында мұғалімдерді баспанамен қамтуға ерекше мән берілген. Енді педагогтер бастапқы жарнасыз жеңілдетілген кредитпен үй сатып ала алады. Сондай-ақ қызметтік баспана немесе жатақхана алуға құқылы.

Қызметтік баспанада тұратын педагог қайтыс болса, оның отбасын егер олар үйдің қалған ақшасын төлеп, жеке меншікке сатып алуға ниет білдірсе, мәжбүрлеп шығаруға болмайды. 

Балабақшадан кезектен тыс орын

гүл - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Ұстаздарға қымбат гүл сыйлағандарды қандай жаза күтіп тұр?

Жергілікті атқарушы органдар мұғалімдердің балаларына балабақшадан кезектен тыс орын береді. 

"Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы"

Заң жобасының 15-бабында "Республика алдында педагогикалық қызметтегі ерен еңбегі үшін педагогке "Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы" атты Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградасы беріледі" деген норма бар. 

Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдар педагогтің еңбегін көтермелеу үшін жергілікті үздік белгілері мен құрметті атақтарын, оның ішінде біржолғы сыйақы төлей отырып белгілеуге құқылы.

Ауыл мұғалімдеріне қандай жеңілдіктер жасалады?

Ауылда істейтін мұғалімдердің жалақысы мен тарифтік мөлшерлемелер қаламен салыстырғанда кемінде 25%-ке арттырылып белгіленеді;

Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелері бөлінеді;

Жергілікті өкілді және атқарушы органдардың шешімімен мал ұстайтын мұғалімдерге жем-шөп, жайылым мен шөп шабу үшін жер учаскелері ұсынылады.

Есік - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Жас отбасылар мен мұғалімдерді баспанамен қамтитын ілкі жоба іске қосылды

Қазақстан заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, педагогті оның кәсіптік міндеттеріне байланысты емес жұмыс түрлеріне тартуға жол берілмейді.

Педагогтің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайтын іс-әрекеттер Қазақстан заңдарында белгіленген жауапкершілікке әкеп соғады.

Мұғалімдер туралы заң жобасы барынша түсінікті тілде жазылған. Заң жобасын әзірлеу барысында 8 мыңнан астам ұсыныс түсіпті. 

Қазір аталған құжат барлық мемлекеттік органға жолданды. Енді қаржы министрлігінен бастап барлық 13 мемлекеттік органмен келісіледі. Содан кейін үкіметте зерделенеді. Ал ақпан айының басында мәжіліс депутаттары заң жобасының кем-кетігін түзеп, сенатқа жолдайды. Тек содан кейін ғана болжаммен маусым айында Қазақстан президенті аталған заңға қол қояды деп жоспарланып отыр. 


Жаңалықтар
0