АСТАНА, 11 қаңтар – Sputnik. Бүгін Астанада Малика Мұхитованың аппеляциялық шағымы қаралған сотта белгілі ақын Олжас Сүлейменовтің тағы бір хаты оқылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Олжас Сүлейменовтің хаты Астана қалалық сотына 9 қаңтар күні түсті. Ақынның мұның алдында жазған хаты 26 желтоқсанда оқылған еді.
Жаңа хатында Сүлейменов соттан Малика Мұхитованың жазасын жеңілдетуді тағы бір мәрте сұрады.
Олжас Сүлейменов қызы Лейланың Маликаны уақыт өте кешіретініне сенім білдірді.
Ақынның хаты жеке адамның пікірі ретінде іс материалдарына қосылды. Дегенмен, зардап шеккен тараптың ресми өкілдерінің позициясы өзгерген жоқ. Олар соттан Малика Мұхитоваға қатысты үкімді өзгеріссіз қалдыруды сұрады. Бұл позицияны мемлекеттік айыптаушы да қолдады.
Тағы оқыңыз: Ескендір Сүлейменовтің ата-анасы халыққа үндеу жасады
Сотталушы Малика Мұхитова марқұмның ата-анасынан тағы бір мәрте кешірім сұрап, Олжас Сүлейменовке алғысын білдірді.
Апелляциялық соттың төртінші отырысы 14 қаңтарда өтеді.
Жол апаты қалай болды?
Малика Мұхитоваға ҚР Қылмыстық кодексі 345-бабы 3-тармағы бойынша (Жол қозғалысы немесе көлікті пайдалану ережелерінің бұзылуынан абайсызда адам өліміне әкеп соққан әрекет) айып тағылды.
Сотта сөйлеген соңғы сөзінде Малика Мұхитова Ескендір Сүлейменовтің ата-анасынан тағы бір мәрте кешірім сұрап, бас бостандығынан айырмауды өтініп жылап жіберді.
Сот үкімімен айыпталушы кінəлі деп танылып, қауіпсіздігі төмен қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде (қоныс колониясы — Sputnik) жазасын өтеумен екі жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ бес жыл көлік тізгіндеуге тыйым салынды. Маликаның туысқандары сот үкіміне шағым түсірді.
Тағы оқыңыз: "Ескендірді түсімде көрдім" Полковниктің қызы сотта соңғы сөзін сөйледі
20 желтоқсан күні отандық БАҚ-қа берген сұқбатында Олжас Сүлейменов отбасының үлкені ретінде өзіне жауапкершілік ала отырып, Маликаны бас бостандығынан айырмауды сұрады. Алайда 26 желтоқсанда Астана сотында Малика Мұхитованың апелляциялық шағымын қарау кезінде ақынның жаңа хаты оқылды. Бұл хатында ақын марқұм Ескендір Сүлейменовтің ата-анасына бұрынғы хатты (Малика Мұхитованың жазасын жеңілдетуді сұрап жазған хаты) көрсетпегеніне өкінгені туралы жазған.
"Хатты жібермес бұрын оны қызым мен Сергейге көрсетіп, ақылдасып алуым керек болатын. Бұл менің қателігім", — деген еді Олжас Сүлейменов.
Ол өзінің айтқандары Ескендірдің ата-анасының позициясын білдірмейтінін атап өтті.
Ал марқұмның анасы Ләйлә Сүлейменова мен әкесі Сергей Хан соттан кесілген жазаны сол күйінде қалдыруды сұрады.